Хабар телеарнасы

Ақтаудағы жаттықтырушының өлімі: басты күдікті өмір бойына сотталды

Ақтауда спортшы қыздың өліміне себепкер болған бес адамға қатысты сот үкімі шықты. Сот алқасы басты күдіктіні өмір бойы бас бостандығынан айырды. Тағы бірі 16 жылға, қалғандары 13 жылға сотталды. Сондай-ақ жәбірленушінің отбасына 30 млн теңге өтемақы төленеді.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың мамыр айында күдіктілер 29 жастағы фитнес-жаттықтырушы Алина Серікованы ұрлап әкетіп, ұзақ уақыт қинаған. 2 млн теңге көлемінде несие рәсімдеуге мәжбүрлеп, ақшаны алған соң босатып жіберген. Кейін жәбірленуші 9-шы қабаттан секіріп, қайтыс болды.

Бастапқыда сот айыпталушыларды ұзақ мерзімге түрмеге қамау туралы шешім шығарған еді. Алайда марқұмның жақындары үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді.

Нұрсапа Примашев, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы:

- 2024 жылғы 19 желтоқсандағы үкімнің күші жойылсын. Іс бойынша жаңа айыптау үкімі шығарылсын. Жазаларды толық қосу жолымен Сейітқалиевтің түпкілікті өтеуіне өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.

Бауыржан Жолжан, А.Серікованың бауыры:

- Әділ шешімі шықты деген ойдамын өзім. Ең бастысы, осы жүрген жүрісіміз, жасаған істеріміздің барлығы ақталды деп ойлаймын.