Павлодарда ҰОС жәдігерлері орналасқан мұражай жаңғыртылды
Музейде екінші дүние жүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткендерді табуға құрылған «Қызыл із зерттегіштер» жасағының іздестіру жұмыстары ұсынылған.
1985-ші жылы ашылған мәдени ошақ жеңістің 70-жылдығына орай күрделі жөндеуден өтті. Оның ашылу салтанатына соғыс ардагерлері қатысты.
Павлодардағы екінші дүниежүзілік соғысының жәдігерлері орналасқан мемориалдық мұражай 1985 жылдың мамыр айында Жеңістің 40-жылдығына орай ашылған еді. Мұнда шайқас алаңында хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің жеке заттары қойылған. Мәселен, майдан даласындағы жауынгерлердің хаттары мен құжаттары, фотосуреттері, сарбаздардың қарулары мен күнделіктері, ұзын саны 400-ге жуық іздеу жұмыстары мен мыңнан аса жәдігер ұсынылған.
Людмила Асеева, мұражай жетекшісі
-Іздеу отрядының ең алғашқы кездері есіме түсіп тұр. Басында өте қиын болып еді. Отрядтағы 45 адамның әрбірі 5-10 адамды іздеп, табуы керек болатын. Алдымен жұмыс жоспарын жасап, із-түссіз жоғалып кеткендердің туыстарымен жолығып, мәлімет жинау қажет еді. Біздер үшін бұл ауыр сын болды. Себебі соғыс алаңына кеткен әрбір сарбаздың ата-анасы, жан-жары, баласы оның қайтадан үйіне оралатынына сеніп, бізден үміт артты.
Мәдени ошақтағы күрделі жөндеу жұмыстары қаңтар айында толығымен аяқталды. Жаңа кейіптегі мұражайға келушілер назарына 9 жаңа экспозиция ұсынылды.
Әсем Сыздықова, мұражай қызметкері
-Біздің мұражайымыз Жеңістің 70 жылдығына арналған. Мұнда 9 жаңа экспонаттар бар. Олардың барлығы Павлодар облысының ардагерлеріне арналған.
Мұражайдың ашылуында сондай-ақ сұрапыл соғыста хабар ошарсыз кеткен майдангерлердің есімі жазылған «Боздақтар» кітабының жаңартылған нұсқасы таныстырылды.
Авторлары: Ерхан Тәткен, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий