Ұлы Отан соғысына қатысқан Абай ұрпақтары туралы кітап жарық көрмек
Оған осы өңірден қан майданға аттанған жерлестердің тағдыры, тылда жанқиярлық еңбек еткен бабалар ерлігі туралы көптеген тың деректер енбекші. Кітапта соғысқа қатысқан Абай ұрпақтары туралы да мәліметтер бар. Ал деректер жинақтау ісіне жасы 90-нан асса да қаламы қолынан түспеген майдангер-журналист Жағыпар Жүнісжанұлы бас көз болуда.
Ел басына күн туғанда Жағыпар ақсақал сияқты Абай ауданынан қан майданға 2 мыңға жуық азамат аттаныпты. Олардың тек 462-сі ғана елге оралып, қалғаны қаза тапса, бірталайы хабар-ошарсыз кеткен.
Жағыпар Жүнісжанұлы, майдангер-журналист
-Енді мен жалғыз қалып тұрмын. Ең соңғы майдангермін. Соған байланысты мен өзіме аманат сияқты көремін. Солар жөнінде бір кітап шығарсақ деп армандап, талпынып, соны жасап жатырмыз.
Майдангер-журналист бұған дейін де 4-5 кітаптың авторы атанған. Негізінен өскелең ұрпаққа тәрбие болатын нақыл сөздер мен баталарды жинақтапты.
Ал Жеңістің 70 жылдығына арнайы кітап шығару жөніндегі Жағыпар ақсақалдың бастамасын аудан басшылығы бірден қолдапты. Мұнда Отан үшін отқа түскен жауынгерлер ерлігінен өзге де көптеген тың деректер енгізілмекші.
Әсет Мырзақасымов, кітаптың жауапты редакторы
- Ұлы Отан соғысы жылдары 330 адам еңбек армиясына шақырылған екен. Олардың бірқатары Донда, Кузбаста, Кемеровода шахта қазуға шақыртылыпты. Ер-азаматтар жасына қарамай, оның ішінде бірталай материалдар содан жинақтадық. Енді ең бір қызықты материал Абай ұрпақтары соғысқа қатысқан екен. Абайдың ұрпақтарынан 12 адам соғысқа қатысыпты, соның 3-і ғана тірі келіп, 9 адам шейіт болып кеткен екен.
Тұрсынғазы Мүсәпірбеков, Абай ауданының әкімі
- 60 жылдыққа шағын кітап шыққан болатын. Бірақ көп адамдар қалыс қалған. Онда соғысқа қатысқан адамдардың 100 адамдайы ғана кірген болатын. Барлығы маңдай терін төгіп, 1 жылдан аса қызмет істеді. Аманшылық болса, 1-мамырға дейін бұл кітап жарық көруге тиісті деп ойлаймыз.
Абайлықтар жерлес 4 Кеңес Одағының батырымен мақтанады. Олардың ішінде Әлия мен Мәншүктің жолын басқан Баян Байғожина сияқты мерген қыз да бар. Жинақта олар туралы да кеңінен айтылады.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Чернов, Берік Жобалайұлы