Павлодарда Жеңістің 70 жылдығына орай «Атамұра» мұражайы ашылды
Сондай-ақ соғыс ардагерлерінің өмірбаяны туралы деректер жиынтығы да бар. Мұражайдың ашылу салтанатына Ұлы Отан соғысының ардагерлері қатысты.
Жаңа ашылған мұражайға оқушылардың ең үздік еңбектері қойылған. Белсенді балалар майдан даласында ерлік көрсеткен өз аталарының жеке заттары мен қойын дәптерлерін осында тапсырған екен.
Айым Рушанова, мектеп оқушысы
-Біздің оқушылар аудан аралығындағы барлық ардагерлер туралы мәліметтер жинауда. Міне соғыс жылдарындағы қолданылған заттар.
Ерхан Тәткен, тілші
-Мұражайда сонау сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертетін құнды жәдігерлер аз емес. Мысалға мынау майдан даласында жарақат алған жауынгердің каскасы. Ал мынау талай сарбаздарға қорған болған окоп күрегі. Осындай құнды жәдігерлер мұнда мыңға жуық.
Мұражай қабырғасында қаһарман жерлестерміздің фотосуреттері ілініп, кітаптарда ардагерлер туралы ақпараттар жан-жақты қамтылған. Көненің көзі болған бағалы құжаттарды да кездестіруге болады. Ерлердің есімі мен көзсіз ерліктерін жас ұрпақ осындай үлкен ұлағатты істерімен ұлықтауда. Ал мұражайдың ашылуына келген ардагерлер сол сұрапыл соғыстағы бастан кешкен қиындықтарды еске алып, өскелең ұрпаққа өмір жолдарын баяндады. Аталар ерлігін ұлықтаған балаларға баталарын берді.
Қабдолла Мусинов, ҰОС ардагері
-Балаларға айтатыным, бірінші байлық денсаулық, денсаулықтары зор болсын. Білімді болсын, ғылымды болсын. Музейді ашып жатқандары қайырлы болсын. Келешекте бір ескеткіш қой.
Андрей Қайрақанов, ҰОС ардагері
-Қазіргі уақытта жастар оқу оқып жатыр, білім алып жатыр. Біздің Қазақстан Республикасының жақсы бір азаматтары болсын деп тілеймін.
Мұражай әлі талай құнды заттармен толыға бермек. Тәлімгерлер осыған қарап елі үшін кеудесін оққа тосқан ерлердің есімін мәңгі жадында сақтайтын болады.
Авторлары: Ерхан Тәткен, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий