Өскеменде «Соғыс және бейбітшілік» көрмесі өтуде
Олар соғыста көрген қиындықтары мен жеңіс үшін от кешкен талай қарулас достарының жанқиярлық ерліктерін сурет арқылы жеткізген.
Майдангер-суретші Борис Французов соғыс кезінде алғашқы суреттерін қойын кітапшасына салған. 1942 жылы басталған кітапшаның бүгінде сарғайып сыны кеткенімен, сыры кеткен жоқ. Ал соғыс аяқталған соң, суретші шағын жазбаларын қайтадан өнер туындыларына айналдырған.
Лариса Мартынова, облыстық өнер мұражайының қызметкері
-Бұл шығармашылық жұмыстардың негізгі эскиздерін суретші өз блокнотынан алған. Мына картинканы қараңыз, «Ол ұрыстан оралған жоқ » деп аталады. Осы картинкадан біз оның ерлікпен қаза тапқанын көреміз. Тіпті қарулас досының әскери дала асханасында дайындаған ботқасынан да дәм тата алмай кеткен.
Борис Французовтың шығармаларының көпшілігі соғыс кезіндегі қайғылы көріністерге құрылған. Суретшінің әкесі бірінші дүниежүзілік соғыста қаза болған. Ал майдангер-суретшінің өзі де Ржев түбіндегі кезекті ұрыстардың бірінде ауыр жарақат алады. Сондықтан Французов өз картиналарында соғыстың адамзат баласына тигізер зардаптарын сол қалпында беруге тырысқан.
Айман Мырзабаева, облыстық өнер мұражайының әдіскері
-Соғыстан жаралы қайтқан біздің майдангерлер еңбекке араласып, біздің экономиканы көтеруге сондай көп еңбектерін сіңірді. Міне бір сондай сәтті, аяғынан айырылып келген жауынгерді бейнелеген екен.
Көрмеге Французовтың 19 суреті қойылса, басқасы өзге майдангер суретшілердің картиналары. Әрқайсысы әртүрлі жанрда салынғанымен, тақырып соғыс пен ондағы ерліктерді баяндайды. Сондықтан көрмені тамашалауға оқушылар мен Өскемендегі әскери бөлімінің сарбаздары арнайы шықырылған.
Жалғас Сүйенов, Өскемендегі 55/18 әскери бөлімінің сарбазы
-Бұл іс-шаралар Жеңісітің 70 жылдығына арналған. Және осы іс-шараларға қарап отырып, біз өзіміздің бойымыздағы патротизм сезімдері оянып, осы ары қарай қызметемізді жақсы атқаруға ат салысамыз.
Графика жанрындағы 20-ға жуық картинаны мұражай қызметкерлері 20 жыл бойы жинаған. Ал оларды сурретшілердің туыс-туғандары тапсырған.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин