Шымкенттіктер қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. Өңір жаңалықтары
Бүгін Шымкенттіктер «Қасірет» мемориалына гүл шоғын қойып, қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. Өткен ғасырдың 30-жылдары оңтүстік өңірдің 7,5 мыңнан аса тұрғыны саяси репрессияға ұшыраған. Нақақтан халық жауы атанған 2,5 мыңдай боздақ осы жерде атылған екен. Оларды ақтау жөніндегі комиссия өкілдері зерттеуді әлі жүргізіп жатыр.
Тарихшылардың пікірінше 1930-50 жылдары Ақмола облысында жаппай қуғын-сүргіннен зардап шеккендердің саны 10 мыңға жетуі мүмкін. Соңғы үш жылдағы зерттеу барысында Ақмола өңірінде 20-ға жуық лагерь орны анықталған. Ал былтырдан бері 500-ге жуық тұлғаның құжаты мемлекеттік комиссияға ақтау үшін жолданды.
Сол бір алмағайып заманда Сыр елінен 4,5 мыңдай боздақ кінәсіз итжеккенге айдалып, сотталды. Оның 600-ге жуығы ату жазасына кесілді. Өңірдің зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған мемориалды кешенге гүл шоқтарын қойды.
Шығыс Қазақстан облысында биыл 18 дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік бекет салынады. Бүгін Прапорщиково ауылында жаңа емхана пайдалануға берілді. Үш мың адамға шақталған ғимаратта күндізгі стационар, тіс дәрігері, зертханалар мен оңалту орталығы жұмыс істейді. Енді тұрғындар аудан орталығында апталап кезек күтпей-ақ, ауылдағы емханаға қарала алады.
Өскемендіктерге «Халық заңгері» әлеуметтік акциясы аясында сала мамандары тегін кеңес беріп, өтініштерін қарады. Ресейде тұратын қазақстандық зейнеткерлер адам құқықтары жөніндегі уәкіл арқылы зейнетақыға қол жеткізді. Бұған дейін зейнетақы рәсімдеуде олардан қосымша анықтамалар мен құжаттар талап етілген.