Хабар телеарнасы

Қазақстан медициналық туризмді дамытуға ниетті

Былтыр 2 мыңнан астам шетелдік дертіне дауа іздеп Қазақстанға келген. Олардың көбі травматолог, кардиохирург, уролог пен стоматолог дәрігердің көмегіне жүгінген. Қазақстан медициналық туризмді дамытуға ниетті. Оның әлеуеті де зор. 

Айдын Аян – Түркия азаматы, дәрігер. Бірнеше жылдай Қазақстанда еңбек етіпті. Былтыр күзде Ақтөбеге қарай сапары кезінде жол апатына түскен. Іш құрылысының біраз бөлігі езіліп, сол жақ қабырғасы мен аяғы сынған. Қазақстандық дәрігерлердің шұғыл әрекет етуі нәтижесінде елордадағы аурухананың жансақтау бөліміне түскен.

Айдын Аян, Түркия азаматы:

-Ес жиған соң, жедел жәрдеммен мені Ақтөбедегі емханаға жеткізді. Онда сол аяғыма операция жасап, біраз дәрігерлердің бақылауында болдым. Мен Түркияға бірден кетіп қалмай, Қазақстанда, яғни Ақтөбеде ем алғаным дұрыс деп ойладым. Қазір Түркияда дәрігерлер барлық операцияның сәтті жасалғанын, алғашқы күтім дұрыс болғанын айтты. Қазақстандық дәрігерлерге алғыс.

Былтыр шетелдік 40 науқас Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына арнайы келіп, ем алған. Жалпы, мұндағы білікті дәрігерлер 2008 жылдан бері 500-ге жуық медициналық туристке қызмет көрсеткен. Айта кету керек, мидағы ісікті нейрохирургиялық емдеудің озық тәсілдері осы орталықта жасалады.

Нұрлан Әшір, нейрохирург:

-Бізде қазіргі таңда Гамма-нож деген аппарат бар. Оған үлкен операция жасамай, бас сүйегін кеспей, ісіктің өсуін тоқтатуға, болмаса ісікті емдеуге мүмкіндігі бар. Науқастар одан жылдам емделеді. Кіші операция болып есептелінеді. Яғни гамма сәулесі арқылы, ісікті өзіне фокусироваться етіп, оны күйдіріп, жаңағыдай емдейміз.

Қазақстандағы медицинаның құны дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ал емдеу сапасы әлемдік стандарттар деңгейінде. Сондықтан медициналық туристер елімізге келіп, ем-дом қабылдауға құмар. Олардың басым бөлігі Түркиядан, Германиядан, Ұлыбританиядан, АҚШ-тан, тіпті Аустралиядан келеді.

Наталья Юшицина, ҚР ДСМ стратегиялық зерттеулер мен бастамаларды талдау орталығының басшысы:

-Денсаулық сақтау министрлігі медициналық туризмді дамытуға ниетті. Мәселен, Қазақстан диагностика, емдеу, хирургия, косметология, оңалту және медицинаның басқа да салаларында әртүрлі қызметтерді сапалы ұсынады. Көптеген медициналық мекемелер сауықтыру бағдарламаларын, соның ішінде санаторий-курорттық емдеуді қолға алған. Қызмет көрсету сапасы да, едәуір жақсарды.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан - Орталық Азиядағы медициналық туризмнің негізгі орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар. Мысалы, көрші елдермен және әлемдік орталықтармен ыңғайлы көлік байланысын жолға қойған.

Авторлары: Диана Қадыр, Айбын Құсанбек