Павлодарда нотаны Брайль қарпіне аудару қолға алынды
Павлодарда жасы сексеннен асқан Жеңісгүл Садықова «Нүктелі До Ми Соль» жобасын қолға алған. Кітапхана қызметкері Жәмилә Жигомпар екеуі бірлесіп нотаны Брайль қарпіне аударып жатыр. Бұл зағип жандар үшін таптырмас әдістемелік құрал.
Жеңісгүл Садықова – арнайы кітапхананың тұрақты оқырманы. Онда Брайль қарпінде жазылған ноталар бар, бірақ оқытатын тифлопедагогтар жоқтың қасы. Сондықтан сексен үш жастағы Жеңісгүл Садықова ноталарды Брайль қарпіне аударуды қолға алған.
Жеңісгүл Садықова, қала тұрғыны:
- Ешкім жаза алмайды нотаны, балаларға бұл керек, жастарға керек. Музыкалық мектепке түссе, музыкалық училищеге түссе оларға жеңіл болады. Өздері конспект жасайды, өздері нота жазады, өздері ойнайды. Тәуелді болмайды ешкімге.
1,5 жасында көз жанарынан айырылған Жеңісгүл апа 6-сыныптан бастап Алматы қаласында оқыпты. Музыкалық мектепті бітіріп, училищеге түскен. Кейін отбасы жағдайымен Павлодарға қоныс аударады. Өнерден қол үзген емес. Зағиптар қоғамы жанындағы «Сәулем-ай» ансамблінің белді мүшесі.
Кітапхана қызметкері Жәмилә Жигомпар «Нүктелі До Ми Соль» жобасының пайда болуына Жеңіскүл Садықованың үлкен үлес қосқанын айтады. Олар әуелі балалайка тартатын оқырманына арнап Брайль қарпінде нота жазып беруді өтінген екен.
Жәмила Жигомпар, облыстық арнайы кітапхана қызметкері:
-Егер балаларға нотаны Брайль қарпінде үйретсек олар тез қабылдайды. Әдетте көзі нашар көретін адамдар өте сезімтал келеді. Нотаны білген бала музыкалық білім алғанда ешбір кедергіге тап болмайды.
Бүгінгі күні 20-ға жуық шығарма бедерлі қаріппен жарық көрді. Бір әнді өңдеуге шамамен бір ай кетеді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков