Алматыда Әзербайжан мен Армения арасында келіссөздер өтіп жатыр
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Екі елдің бейбіт келісім жасасуға деген ұмтылысын құптаймыз. Қазақстан барынша көмек көрсетуге және игі қызметтер миссиясын өз мойнына алуға, яғни екі ел арасындағы келіссөздер үшін платформа ұсынуға дайын екенін айтқан». Қол жеткен уағдаластықтарға сәйкес, Алматыдағы Достық үйінде Әзербайжан және Армения Сыртқы істер министрлері Джейхун Байрамов пен Арарат Мирзоян кездесті. Күн тәртібінде көршілес елдер арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынас, Оңтүстік Кавказ аймағындағы бейбітшілікті орнату мәселесі талқылануда. Келіссөздер тек екі ел арасында өтеді. Қос тараптың мәмілеге келуі тұтас аймаққа тиімді әрі Қазақстан дипломатиясының дамуына да оң әсерін тигізері сөссіз. Бұл аймақ біз үшін экспорттық бағытта маңызды.
Джейхун Байрамов, Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі:
-Осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізудің маңызы зор. Соңғы рет қос делегация екі ай бұрын Берлинде кездескен. Сол кезде тараптар бірқатар құжатқа қол қойды. Бейбітшілік орнату туралы көптеген пікір айтылды.
Арарат Мирзоян, Армения Республикасының Сыртқы істер министрі:
-Осы кездесуді ұйымдастыруға себепкер болған Қазақстан тарапына айтар алғысымыз шексіз. Қазақстан екі ел арасында ынтымақтастық орнағанын, Оңтүстік Кавказда ұзақмерзімді бейбітшілік болғанын қалайды. Армения бұл ұмтылысты жоғары бағалайды. Кезекті келісссөз раундын ұйымдастырған Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылық білдіреді.