Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында 90 жасқа толған ардагерге сый-құрмет көрсетілді
«Ұлы жеңістің 70 жылдығы қарсаңындағы бұл құрмет мен үшін ерекше көңіл-күй сыйлады, алғыстан басқа айтарым жоқ», - дейді қария.
Сәмен ақсақал өмір мектебінің сан түрлі қиындықтарын бастан кешкен. Үш жасында ата-анасынан айырылды. Мектеп бітіріп, білімге бет бұрар шағында соғыс басталды. Сосын қолына қару алып, майданға аттанды. Алдымен №112 атқыштар полкінде, кейін танк полкінде болып, Сталинград шайқасына қатысты. Елге қайтамыз деп жүргенде, Жапон соғысы тұтанды. Оған да барды. Ерліктері ескеріліп, бірнеше медальдармен марапатталды. Бейбіт өмірдегі барлық тіршілігі өзі туып-өскен Гвардия ауданы мен Текелі қаласында жалғасты.
«Тағдыр маған Айтжамалды жолықтырғанына ризамын. Мен соғыстан келгенде бойжеткен қыз екен. Екеуміз шаңырақ көтеріп, тату-тәтті отбасын құрдық. Бес ұл-қыздан 13 немере, 14 шөбере сүйіп отырмыз», - дейді қария. Айтжамал апа тылда еңбек еткен.
Айтжамал Базарбаева, тыл ардагері
-Соғыстың уақтысында біз де еңбек жасағанбыз. Аттың басына мінгенбіз, шөп тырмалағанбыз. Әйтеуір шөп шабатынбыз. Онда жаспыз ғой, кішкентай-кішкентай. Бәрі соғыста.
Қос ардагердің тәлім-тәрбиесін алған ұрпақтары өнегелі. Өз істерін адал атқарып, ел дамуына лайықты үлес қосуда. Сәмен ақсақалдың 90 жылдық мерейтойына байланысты құттықтаулар жан-жақтан түсіп жатыр. Республикалық «Асар» әлеуметтік шарасына орай облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің көрсеткен ықыласы айрықша болды. Олар ардагердің отбасына азық-түлік әкеліп, жылы сөздерімен жанын жадыратты. Әсем ән айтып, көңілін көтерді. Ал майдангер оларға ақ батасын берді.
Сәмен Базарбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Енді тоқсанға келдік. Шалдан одан артық не тілейсіңдер, аман болыңдар, сау болыңдар. Алла қуат берсін, Алла өмір берсін. Осы бала-шағаларыңды оқытып, бала-шағаларыңның қызығын көріп жүре беріңдер.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері әлеуметтік шара аясында Жеңіс мерекесіне дейін тағы бірнеше ардагерді қуантпақ. Әр кездесу олардың өз орындауындағы өз әнімен аяқталады.
Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Олжас Байбосынов