Алматы облысының Бесағаш ауылында су тапшы
«Қала іргесінде тұрсақ та, ауызсуға жарымай отырмыз»,— дейді Алматы облысы Бесағаш ауылының тұрғындары. Жаз айларында құбырдағы су қысымы азайып, кейде мүлдем ақпай қалады. Су тапшылығы бұл ауылда он жылдан бері шешімін таппай келе жатыр. Тұрғындар жыл сайын жергілікті әкімдікке шағым айтқанымен, мәселе биыл да шешілмейтін түрі бар. Неге?
Фатима Мұстафақызының әр таңы су жинаумен өтеді. Өйткені күндіз су болмайды. Үйдегі бос ыдыстың бәрін суға толтырып қояды. Әсіресе жаз айларында күнделікті тұрмыс қажетіне су молынан керек.
Фатима Мұстафақызы, Бесағаш ауылының тұрғыны:
-Ауылда су жоқ. 40 градус ыстық. Күндіз бір сағатқа сыздықтатып ағызады. Үлгерсең құйып аласың. Үлгермесең көршілерден сұрауға мәжбүрсің. Немесе сатып аламыз. Бұған қалай шыдауға болады?!
Бесағаштың оңтүстік бөлігіндегі 5 көшенің тұрғындары 5 ай бойы судан тыпшылық көреді. Атап айтқанда Байтұрсынұлы, Жұмабаев, Дулатов, Қарасай және Райымбек батыр көшелерінде ауызсу тұрақты ақпайды. «Ауылымызадың басты мәселесі су екенін әкімдік жақсы біледі. Ол жыл сайын айтылады. «Бірақ құбырды жөндейміз, жаңартамыз деген уәде орындалмайды»,—дейді тұрғындар.
Жылбек Сенбекұлы, Бесағаш ауылының тұрғыны:
-Қала іргесінде тұрып ауызсу мәселесі әлі шешілген жоқ. Біз он жыл бұрын қозғағанбыз бұны скл бір мәселені шеше алмаса, бұл жерде Бесағашта отырған, әкімдікте отырған адамдар немен айналысып отырғанын түсінбеймін осы.
Тіршілік нәрін үнемдеу мақсатында ауылдық әкімдік коммерциялық нысандарды сумен қамтуды азайтты. Мейрамханаларға су тәулігіне 12 сағат қана беріледі. Бұл мәселені түпкілікті шешу үшін аудандық әкімдік пен «Талғар су» коммуналдық мекемесі бірлесіп жаңа магистральді құбыр салуды қолға алды. Жақын арада су сорғы станциясынан қосымша құбыр жүргізу жұмысы басталады.
Әлібек Рамазанов, Бесағаш ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:
-Жыл басынан бері бұл жобаға республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Қазір осы жұмысты жеке серіктестік іске асырып жатыр. Жұмыс 14 айға жоспарланды. Яғни нысан келесі жылы пайдалануға берілуі тиіс. Сонда су ауылға үздіксіз келіп тұрады.
Сондай ақ тұрғындар судың әр текше метріне 154 теңгеден төлейді. Бұл тариф қаламен салыстырғанда үш есе қымбат. Жалпы Бесағаштағы су құбырлары 90% тозды. Жоспар бойынша 30 шақырымнан астам құбырды жаңалау қажет.
Авторлары: А. Садуақас. С.Жұмабаев