«Жеңіске құрмет!» шарасы аясында Күрішбек қарияға құрмет көрсетілді
Осы шара аясында тілшіміз Алуа Маханбет Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Сүмбе ауылының ең қарт ардагері, биыл 104 жасқа толғалы отырған Күрішбек Көжекбаевпен жүздесіп қайтқан еді. Ол қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованы өз қолымен жерлеген шежіре қария.
Қарт ардагерді біз көрші Қырғызсай ауылының орта мектебінде жолықтырдық. Ол қанды майданға орда бұзар отыз жасында мектеп директоры қызметінен шақырылады. Алматыда жасақталған 100 атқыштар дивизиясындағы барлаушылар ротасына қабылданған Күрішбек ата қазақ қызы Мәншүк Мәметовамен алғаш сонда кездесіпті. Мектеп оқушылары майдан алаңында әскерлер туралы мәлімет жинаған Мәншүк пен оған күнде есеп беретін аға сержант Күрішбек Көжекбаевтың кездесуінен үзінді қойып, өткенді еске салды. Ал жасы ғасырдан асқан майдангер 1943 жылдың күзінде ерлікпен қаза тапқан Мәншүк Мәметованы өз қолымен жерлегенін айтады.
Күрішбек Көжекбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Кәдімгідей жерлеуге комиссия құрылып, Невель қаласына жерледік. Жалғыз өзім емес, кәдімгідей оншақты адам қатыстық. Жерді қазып, өзіміз топырақ салдық. Мәншүк нағыз намысшыл, өзі ұлтқа да жақсы, орыс деп бөлмей, бәрін бірдей көретін адам болатын.
Сұрапыл соғыста Әзілхан Нұршайықовпен жолдас болған. Сондай-ақ репрессия құрбаны Ораз Жандосовпен бірнеше жыл бірге жұмыс жасапты. Көпті көрген қария бүгінде 4 қыз, бір ұлынан 26 немере, 20-дан астам шөбере мен шөпшек сүйіп отыр. Бұл - педагогтар династиясы.
Күлбаршын Күрішбекқызы, ардагердің қызы
-Менің де бала-шағам, іні-сіңлілерім үбірлі-шүбірлі болып, осындай күнге жеткеніміз әкемнің бақыты деп есептейміз. «104 жастағы әкең бар, бақыттысың ғой», - дейді көбісі. Иә, мен шынымен бақытты жанмын.
Күрішбек ақсақал Жамбыл Жабаевтан үш рет бата алған екен. «Осындай бақытты күнге жеткенім сол кісінің оң батасы шығар», - дейді. Әлі күнге қолынан күрек-кетпенін тастамаған ол малдың да жайын жақсы біледі.
Гүлбану Шоңбаева, ардагердің келіні
-«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген сөз бар қазақта. Атамыздың өзі бізге бір береке. Шежіре деп айтсақ болады. Атамның есте сақтау қабілеті өте жоғары. Әлі күнге дейін газет оқып, соңғы хабарлардан көптеген мағұлматтар алып отырады.
Ардагер атамызға Тәуелсіз еліміздің жарқын жаңалықтарын көріп отырсын деген тілекпен «Хабар» агенттігі ұжымының Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырған «Жеңіске құрмет!» қайырымдылық шарасының аясында теледидар сыйладық.
Күрішбек Көжекбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Ендігі тілегіміз, заман жақсы болып, мемлекетіміз мәңгі жасап, халқымыз аман, соғыс болмасын дейміз.
Өскелең ұрпақтарына ақ батасын берген 104 жастағы ардагер 9 мамыр күні Мәскеуде өтетін Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дайындалып отыр.
Авторлары: Алуа Маханбет, Ернар Сайлаубаев