Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «70 игі іс» шарасы басталды
Бұл жолы Ұлы Отан соғысының ардагері, зенитшілер бюригадасында жаумен алысқан Ажар Оразғалиеваға Қарғалы орта мектебінің ұжымы мерекелік сыйлықтар тарту етті.
Ажар Оразғалиева – соғыс жылдарында кестесін қаруға, орамалын пилоткаға айырбастаған қазақтың қайсар қызының бірі. Ол Атырау облысынан 18 жасында майданға өз еркімен сұранған. Курск доғасындағы ұрыстарға қатысып, Румынияны жаудан азат еткен. Зенитші Ажар Оразғалиева сол сұрапыл жылдарды бір сәт еске алады. «Соғысқа аттанарда ұзын бұрымымды кесіп, анама тапсырып кеттім. Бойымда еш үрей болмады. Тезірек қолыма қару алып, ұрысқа араласып, жауды жеңсем деген бір ғана арманым болды», - дейді 91-ге толған қарт жауынгер.
Ажар Оразғалиева, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Орел, Харьков, Брянск деген қалалардың бәрін неміс алып алған екен. Курскіге әлі жетпей тұр екен. 416-шы зенитный артеллерия. Сонымен келіп, соғысқа кірісіп кеттік.
Ажар Оразғалиева майдан шебіндегі шайқаста ауыр жарақат та алған. Елге аман-есен оралып, өзі қатарлас майдангер Ғабидолламен тұрмыс құрып, отағасымен 10 бала тәрбиелеп өсірген. Әжей білім беру, кейін мұнай өндірісі саласында еңбек еткен. Бүгінде 10 баладан 12 немере, 14 шөбере сүйіп отыр. «Ендігі тілегім соғыс болмасын, ел аман, кейінгі ұрпақ тыныш өмір сүрсін. Еліміз береке мен бірліктен ажырамасын», - деп ақ тілегін айтады қария.
Ажар Оразғалиева, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Берлинде болып, жеңіс тойын тойладық. Енді міне, мына қалған жастарға, бәріне ақылымды айтатын. Ақылды болсын, бірімен бірі тату болсын. Біз татулықтан, бір-бірімізге қарағаннан немісті жеңдік.
Ақтөбе қаласында 135 соғыс ардагері тұрады. Оларға ұдайы қамқорлық көрсетіледі. «Ардагерлер отанға шексіз берілгендіктің жарқын үлгісін көрсетті», - дейді шараны ұйымдастырушылар.
Ләззат Оразбаева, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы
-Соғыс ардагерлерін құрметтеу, осы ардагерлердің еңбектерін, ерліктерін оқушылардың арасында тарату - біздің міндетіміз. Біздің ардагерлерімізге деген құрмет, жаңағы ізет әрі қарай жалғасын таппақ.
Бүгінде ел құрметіне бөленген ардагерлер қатары жыл сайын арамызда сиреп барады. Бірақ Ажардай қазақ қыздарының соғыс ауыртпалығын ер азаматтармен қатар көтерген қажырлығы ерен ерліктің өшпес үлгісі боп қала бермек.
Авторлары: Нұргүл Қонақбаева, Александр Степаненко, Айбек Дәуітов