«Хабар» агенттігі «Жеңіске құрмет!» шарасы аясында майдан даласында болған дәрігерлермен жүздесті
Бүгінгі кейіпкерлеріміз – майдан маңындағы госпитальдарда еңбек еткен қайсар да нәзік жандар. Яғни Тамара Максимова мен Софья Измайлова қан майданда қаншама азаматтың өміріне араша болып, өмірлік серіктерін де сұрапыл соғыста кездестірген жандар.
Тамара Максимова: «Биылғы Жеңіс шеруін жақсылап көретін болдым»,- деп «Хабар» агенттігінің «Жеңіске құрмет» шарасы аясында алған сыйлығына қуанып қалды. 1941 жылы 17 жастағы Тамара сыныптастарымен бірге майданға сұранады. Оның бұл қадамына үлкен әпкесі себепкер болыпты.
Тамара Максимова, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Соғыс басталғанда дәрігер дипломын алған әпкемді майданға алып кетті. Сонда анам маған: «Әпкең Отанын қорғауға кетті. Ал сенің бос жүргенің мынау. Сен де Отан үшін күресуің керек»,- деді.
Анасының осы сөзінен кейін Тамара да майданға сұранып, Волоколам бағытындағы госпитальда жұмыс жасайды. Қолдары сәл босай қалғанда медбикелер туған-туыстарынан айырылған немесе отбасылары жау қолына түскен жауынгерлерге сенім мен күш беру үшін хат жазып отырған. Солардың бірі – Тамараның табандылығымен аяғын кескізбей, аман қалған Константин Максимов.
Тамара Максимова, Ұлы Отан соғысының ардагері
-«Оның аман-есен жеттім, достарым күтіп алды. Аяғым да ауырмайды» деген алғашқы хаты әлі сақтаулы.
Уақыт өткен сайын хаттар жиілей бастайды. Қан мен тердің ортасында жүріп сезімдеріне берік болған екі жас соғыстан кейін 65 жыл жұптары жазылмай ғұмыр кешкен. Бүгінде ардагер сұрапыл соғысты: «Тағдырыма жолықтырған кезең»,- деп еске алады.
Өткен күннен естелік Софья Измайлованың да жүрегін жылытып келеді. Әскери хирург майданның тауқыметін алғаш 1943 жылы Ростов маңындағы госпитальда көрген. Ғимараттан шыққан сәті әлі есіңде.
Софья Измайлова, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Есіктен шықсам, құлағымның түбінен аралар ұшып жатқан сияқты болды. Қайта кірдім де, қасымдағыларға «Майдан алаңында да аралар болады екен», -десем, олар маған ара емес, снайперлердің оқ атқанын айтқанда, шошып кеттім.
Талай жауынгерді аман алып қалған дәрігер кейін күре тамырды тігудің жаңа әдісін енгізіп, кандидаттық диссертация қорғайды. Шетел ғалымдары 1960 жылдары бұл жұмысты өте жоғары бағалаған. Дегенмен үлкен жетістігім, майданда кезіктірген жан-жарым дейді, ардагер.
Софья Измайлова, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Атыс-шабыс саябырсыған күні, би ұйымдастырдық. Сонда жасы өзімнен үлкен жігіт қолымнан қысып ұстап, биге шақырды. Ал келесі күні маған үйленуге ұсыныс жасады. Содан 57 жыл бірге өмір сүрдік.
Қазір де ардагер бос отырмай, шығармашылықпен айналысады. Ол қуыршақтар мен кесте тігеді. Софья әжей мамыр айын тағатсыздана күтіп отыр. Себебі әскери хирург 9 мамырға майдандас достарын қонаққа шақырып қойыпты.
Авторлары: Алуа Маханбет, Татьяна Напольская, Валентин Лобанов, Нұрдаулет Жақсыбай