«Хабар» агенттігінің «Жеңіске құрмет!» шарасы Жамбыл облысында жалғасты
Ол 18 жасында майданға аттанып, Мәскеуді қорғауға атсалысқан. Соғыс даласында жараланған сарбаздарға медициналық көмек көрсетіп, талай жауынгерді аман алып қалыпты. Төл мерекесінде «Хабар» агенттігінің атынан құттықтап келген қызметкерлерді Зинаида әжей қуана қарсы алды.
Зинаида әжеймен кездесуге біз алдын ала дайындалған едік. Қарт майдангерге құр қол барғанымыз жоқ. «Хабар» агенттігі арнайы сыйлыққа алған тоңазытқыш пен ас әзірлейтін әмбебап қазан және тоқ шайнекті орап, жүк көлігіне арттық.
Бірінші кезекте қария ас әзірлейтін әмбебап қазанды қолдану тәсілін үйренді. Бұл тұрмыстық техника кез келген тағамды жедел әрі еш қиындықсыз әзірлеп береді. Бүгінгі түскі тағамды Зина апайдың өзі таңдады.
Біз де қарап қалмадық. Ас әзірлеуге өзіміз де кірісіп кетттік. Біріміз картоп тазаласақ, енді біріміз пияз турап, әжейге көмек көрсеттік.
Сорпа дайын болғанша майдангердің естелігін тыңдадық. Қарт жауынгер соғыс жылдарындағы бастан өткерген қиындықтарды айтып берді.
Зинаида Вострикова, Ұлы Отан соғысының ардагері
- Соғыс басталды. Әкем әскери адам болатын. Ол уақытта әскерилер майданға бірінші аттанатын. Сол кісіні шығарып салуға Орынборға бардым. Кейін өз еркіммен сұранып, сол жерде қалдым. Осылайша бүкіл соғысты көріп шықтым ғой. Бір мәрте жараландым.
Сұхбаттасып болғанша әмбебап қазандағы тағам да дайын болды.
Зинаида Вострикова, Ұлы Отан соғысының ардагері
- Бүгінгі буынның қамқорлығы көңілге жылу береді. Алғысым шексіз. Ардагерлерді ұмытпайды, жылда құрмет көрсетіледі. Үнемі сыйлықтар жасалады. Қартайған шағыңда бұдан артық не керек. Басымды иіп рахмет айтамын. Біз көрген қиын-қыстау заманды ендігі ұрпақ көрмесін.
Игі бастамаға ардагердің алғысы шексіз. Тоқсаннан асқан қарт әжей енді тұмыста еш қиналмайтын болды. Осындай қарияларды қуанту игі шарасы республика бойынша 9 мамырға дейін жалғасатын болады.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Рауан Байкенже, Бақытжан Бапаев