«Жеңіске құрмет!» шарасы аясында «Хабар» тілшілері ақтаулық ардагерді құттықтады
Медресин ақсақал – фашистік Германияны тізе бүктіріп, ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған батыр аталарымыздың бірі. Небәрі 18 жасында от кешкен атай 8 жылдан кейін ғана елге оралыпты. Қарт майдангер «Хабар» тілшілерін қуана қарсы алды. Біз жасаған тосын сый көңілін жібітті ме, әлде талай жанды жалмаған сұрапыл соғыс есіне түсті ме, атай көзіне жас алды. Медресин Өмірзақов 1200 күн мен түнді оқ пен оттың ортасында өткізіпті. Әлі 18-ге толмаған бозбала соғысқа өзі сұранған.
Сталинград түбіндегі шайқастан соң, Батыс Украинаны азат етуге аттанады. Мерген болған жауынгер қанша жаудың көзін жойғанын есіне түсіре алмады. «Тек Жеңіске жету жолында мыңдаған майдандасымнан айырылғаным анық», – дейді атай. Киев жаудан тазарған соң, қырағылығымен көзге түскен сарбаз әскери оқуға жіберіледі.
Медресин Өмірзақов, Ұлы Отан соғысының ардагері
-«Енді Өмірзақов сені 9 айлық кіші командир оқуына жібергелі жатырмыз»,– деді. Соғыс жүріп жатыр, оқуы несі деймін. «Жоқ, болды, оқытамыз. 9 айлық кіші командир оқуына. Соғыс біткесін командирлер керек болады», – деп. 1 қаңтарда, 1944 жылдың басында 9 ай деген оқу 1944 жылдың аяғына дейін созылды.
Медресин Өмірзақов Жеңісті Украинаның Винница қаласында қарсы алады. Бөлімше командирі дәрежесін алған ол осы елде тағы 5 жыл Отан қорғау саласында қызмет етеді. Елге тек 8 жылдан кейін ғана оралған. Темір жол саласында аянбай тер төккен қария табыстың кілті еңбекте екенін жақсы біледі. Және мұны ұл-қыздарына үнемі айтып отырады.
Анар Өмірзақ, немересі
-Атамызды құттықтап келіп жатқандарыңызға, сый-құрметтеріңізге үлкен рахмет. Атамызды өте қатты сүйеміз, мақтан тұтамыз. Кішкентай кезімізден бастап, ол біздің ең бірінші өз жолымызды тауып, осы өмірде тек қана адам болуға, адал болуға шақыратын. Әр уақытта келген сайын өсиетін айтып, қандай қадамымыз болмасын, оқу болсын, жұмыс болсын, соған қадам басқан адамдарды ұнатады. Өзіме де жұмыс болсын, оқу болсын, басқан әр қадамыма ақ батасын беріп жүреді.
«Атамыздың есте сақтау қабілетіне таң қаламыз»,– дейді немерелері. 92 жастағы қария ұл-қызынан бастап, немере, шөбересінің туған күні мен телефон нөмірлерін жатқа біледі екен. Мереке сайын қоңырау шалып, құттықтап отырады. «Ел өміріндегі оқиғалардан да хабардар. Жаңалықты қалт жібермей тыңдап, газет-журналдарды үзбей оқиды», – дейді келіндері. Жеңіске жетуде өшпес үлес қосқан Медресин атаның ендігі арманы елдің бүтіндігі мен жердің амандығы.
Медресин Өмірзақов, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Тату-тәтті барлығы осы қалпында, осы жүрісінен таймай, осындай шаттық, тыныштық өмірде сүре берсін. Еш уақытта аспаннан бомба жаумасын, нұр жаусын. Жерде снаряд жарылмасын. Қызғалдақтай гүл өссін, сол қызғалдақ гүлдей ұл менен қыз өссін. Ұл мен қызды ұзатып, келін түсіріп, халқымыз мәз-мейрам болып, емін еркін күн кешсін, аумин!
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев