Хабар телеарнасы

Маңғыстаулық коллекционер Түркі елдерінен 800-ден астам жәдігер жинаған

Маңғыстау облысында ауыл тұрғыны түркітілдес елдерде өткен ғасырларда қолданылған тұрмыстық бұйымдарды жинап жүр. Қазір коллекционердің үйінде түрікмен қоржыны, өзбектің алашасы, қырғыздың кермесі секілді ерекше жәдігерлер бар. Соңғы жылдары ол Моңғолия, Дағыстан, Иранды аралап, сол жақтағы қазақтар тіккен төсеніштерді әкелген. Ендігі мұраты - түркі халықтарының салт-дәстүріндегі ұқсастықты дәріптеп, ғылыми-әдістемелік кітап жазу. 

Коллекционер Ақылбердінің түркі халықтарының қолөнеріне қызығушылығы бала жасында басталған. Анасы алаша, бау-басқұр тоқыған кезде әрдайым көмекші болғанын есіне алды. Ер жете келе ел аралап, тоқыма немесе тұрмыстық бұйым сатып алуды әдетке айналдырыпты. Әсіресе қолөнер көрмелерін қалт жібермейді екен. Осылайша, 800-ден астам жәдігер жиған. Соның 600-ге жуығы кілем.

Ақылберді Нақов, коллекционер:

Қазақтың кілемдері бар. Қазақ үйге ұстаған бау-басқұрлары бар. Керегеде ұстаулы тұрған тұскиізді моңғолдың қазақтары өздері қолмен тіккен. Түрікпеннің торма дейді, қазақша керме деп айтып жатады, ол әйел-келіншектердің уақ-түйек, ине-тебен деген сияқты нәрселерін керегенің басына керіп байлап қойып, соның ішіне салып сақтаған.

Мұнайлы тұрғыны ұзақ жылдар әзербайжан, лезгин, армян, ұйғыр кілемдері мен өзбектің алашаларын жинапты. Кейбірі 200-250 жыл бұрын тұрмыста қолданылған. Жиегі түйенің мойын терісімен қапталған кебеже, жастық ағаш секілді бұйымдар да бар. Көненің көзі болған жәдігерлерді үй жағдайында күтіп-ұстауға оған жұбайы көмектеседі.

Қарашаш Толаева, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

-Түрікпеннің қоржыны мынау. Енді бұл жерде ескі нәрселер ғой. 200 жыл болғаны бар, 100 жыл болғаны бар. Менің қарайтын міндетім мынадай жыртылып кетеді, ескі дүние болғасын болады ғой. Соны тігемін, қайтадан жасап орнына келтіріп солай жасаймын.

Ақтау - түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланған 2025 жылға коллекционердің жоспары көп. Қолда бар жәдігерлермен мұражай ашып, туристердің назарына ұсынамын деп отыр. Сондай-ақ түркі халықтары салт-дәстүріндегі ұқсастықты дәріптеп, өзі естіген мәліметтер бойынша кітап жаза бастапты.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев