Павлодарлық ардагерлер парадқа арналған костюмдер тіктіруде
Олар осы саланың дамуына үлес қосып, талай білікті шәкірт дайындай білді. Сондықтан жас полицейлер Жеңіс мерекесі қарсаңында ардагерлерді әрдайым ұмытпай, құттықтауды дәстүрге айналдырған.
Павел Василевский Павлодар өңірінің тумасы. Ардагер майдан даласында 94 гвардияның механикалық дивизиясында ерлік көрсеткен. Соғыстан аман-есен оралған соң, ақсақал құқық қорғау саласында бірталай жыл еңбек етті.
Ардагер жас кезінде өзінің ерекше қоңыр даусымен талайларды таң-тамаша еткен. Бос уақытында радиода жұмыс істеп, тыңдармандардың ықыласына бөленген. Ақсақалдың даусына тіпті Кеңес одағының атақты дикторы Юрий Левитанның өзі қызығып, Мәскеуге шақырған көрінеді. Бірақ Павел Василевский Павлодарда қалып, құқық қорғау саласын таңдапты.
Павел Василевский, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Аты аңызға айналған Юрий Левитан Павлодарға келіп, кездесіп едік. Сонда ол маған оқып көр деп бір мәтін берген болатын. Мен оны дауыстап оқыған кезде таң қалып, арқамнан қақты. Тіпті Мәскеуге де шақырды. Бірақ туған жерімнің дәмі жібермеген екен.
Жас полицейлер Павел ақсақалды өздерінің ұстазы деп біледі. Олар әрдайым ардагердің ерлігін мақтан етіп, мереке күндері құттықтап отырады.
Мерхат Қарымов, полиция қызметкері
-Осы ардагерлерге келгенде, яғни олардың айтқан сөзін естігенде, жүрегімізге жылы тиеді. Біздің болашаққа, Тәуелсіз елімізге жасаған ерліктері үшін рахмет. Олар бізге сол үшін үлгі болды.
Павлодар облысында қазіргі күні Ұлы Отан соғысына қатысқан 246 ардагер қалды. Солардың бірі - Қазиз Әмренов. Ақсақал 17 жасында соғысқа аттанып, артиллерия құрамына алынған. Поляк жерін азат етуге қатысты. Қазір майдангер Астанадағы парадқа дайындалып жатыр. Сол үшін арнайы костюм тіктіруде.
Қазиз Әміренов, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Жақсы тігіп жатыр, қыздарға көп рахмет, жұмыстары алға басып, оңды болсын. Күннің шуағында өсіп-өніп, өмір сүре берейік, отанымыз тыныш болсын, мемлекетімізді бәрі таныды, рахмет сіздерге.
Павлодардан Астанадағы және Мәскеудегі Жеңіс мерекесі шеруіне аттанатын ардагерлер қазір сапарға дайындық үстінде. Майдангерлер үшін тігіліп жатқан парадқа арналған костюмдер жақын уақытта дайын болады.
Авторлары: Ерхан Тәткен, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий