Ақтаулық ардагер «Хабар» агенттігінің «Жеңіске құрмет!» шарасына дән риза
Ауыр жараланғанына қарамастан, жауға үдере соққы берген. 12 Кеңес танкісін бораған оқтың арасынан аман алып шығуда көзсіз ерлік жасады. Осылайша көрсеткен батырлығы үшін қайсар жігіт 20 жасында алғашқы медальді төсіне тақты. «Жеңіске құрмет!» шарасы аясында біздің тілшілеріміз де ардагерді құттықтап, тілдесіп қайтты.
Қарт майдангер Петр Морозовқа «Хабар» агенттігінің арнайы сыйлығы дәл уақытында жетті. Себебі үйдегі ескі тоңазытқыш бірнеше күн бұрын істен шыққан екен. Ардагер тұрмыстық техниканың жаңасына қолын жеткізіп, балаша қуанды.
Петр Морозов соғыс басталған бойы екі ағасымен бірге елді жаудан азат етуге аттаныпты.
«Әлі есімде немістердің ұшақтары ұшқан сайын көктен «Кеңес әскерлері, беріліңдер»,-деген парақшалар жаңбырша жауатын. Олардың бұл әрекетіне біз керісінше кектене түстік», – дейді ардагер. Бала күнінен тракторды тізгіндеген жас жігіт майдан даласында оны танкіге алмастырады.
«Өлім мен өмірдің ортасында өткен азапты күндерді еске алудың өзі ауыр», – дейді атай.
Петр Морозов, Ұлы Отан соғысының ардагері
- Жау біздің танкілерге оқты қарша борататын. Бірақ тесіп өте алмайды. Ал егер снаряд жарықшақтары танк ішіне ұшып кірсе, экипаждың күл-талқанын шығарады. Танк іші оқ-дәрі мен жанар-жағармайға толы. От тұтанған жағдайда тез арада сыртқа шығып үлгеруің керек. Үлгермесең, тірі қалмайсың. Талай майдандастарым қапыда көз жұмды.
Бірде бұрынғы тракторшыға командирден арнайы тапсырма түседі. Қатардағы жауынгер Петр Морозов жау оғының астында қалған Кеңес танкілерін бөлімшеге жеткізуі тиіс. Ол бір түннің ішінде 12 бірдей қираған танкіні қауіпті аймақтан трактормен сүйреп алып шығады. Бұл ерлігі үшін 20 жастағы жас жауынгерге майдандағы алғашқы медаль тапсырылады.
Петр Морозов, Ұлы Отан соғысының ардагері
- Жан-жақтан оқ атылып жатыр. Алдымен бұл оқтың кімге тиесілі екенін ажыратып аламын. Біздің әскер оқ жаудырған сәтті пайдаланып, мен де тракторымды оталдырып, танкіге жақындаймын. Келесі бір атыс кезінде танкіні сүйреп алып, бөлімшеге қарай тартамын. Жастықтың әсері ме, өлімнен қорыққанымыз жоқ.
Қайсар жігіт соғыста үш рет жараланған. Ардагердің айтуына қарағанда, денесінде жау оғының бірнеше жарықшағы әлі де бар көрінеді. Алайда 90-нан асқан ардагердің қимылы ширақ. Түрлі жаттығулар жасап, спортпен шұғылданады. Үйде гүл өсіреді, соны ермек етеді.
Петр Морозов Қазақстанға 1960 жылдары көшіп келген. Каспий теңізінің жағалауынан жаңа шаһар Ақтауды тұрғызуға атсалысты. Елге еңбегі сіңген ардагер Ұлы Жеңістің 70 жылдығын асыға күтіп жүр. Ол өзге майдандастарымен бірге 9 мамыр күні Астанада өтетін мерейтойлық шеруге қатысады.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев