Қызылордалық тыл ардагерінің ерлігі ұмытылмайды
Сұрапыл жылдары Сыр еңбеккерлері жинаған қаржы есебінен «Қызылорда колхозшылары» атты танк колоннасы құрылғаны тарихтан мәлім. Осы бастамаға алғашқылардың бірі болып қолдау көрсеткен Сырдария ауданындағы «Бірінші май» колхозының бригадирі Құлаш Баймағамбетов болатын.
«Ұлы Отан соғысы кезінде Қызыл армияның танк құрамасына өзімнің қаражатымнан 325 мың сом ақша, 180 пұт күріш бердім. Сталиннен алғыс хат алдым».
Бұл – Құлаш Баймағанбетовтың қолжазбасы. Құнды деректі оның ұлы Ақантай Құлашев мұрағат қазынасынан тапқан. 1952 жылы әкесі дүние салғанда ол небәрі 5 жаста болған екен. Ал інісі анасының қолында құндақтаулы күйде қалады.
«Жаз жайлауда, қыс қыстауға көшіп жүріп, Құлаш Баймағамбетовтың еңбек майданындағы ерліктерін айғақтайтын көп құжат жойылып кетті»,-дейді ол.
Ақантай Құлашев, Қ. Баймағамбетовтың ұлы
-Шешемізбен жайлауға көшкенде қыстауда қалдырып кеткенбіз. Сонан сол балалар өртеп жіберіпті. Сандыққа салып кетеміз ғой, бәрін алып жүрмейміз. Құжаттардан айырылдық. Соның ішінде медальдары да болған.
Құлаш Баймағамбетов 1890 жылы Шиелі ауданына қарасты Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. Төрт сыныптық білімі ғана болса да, зеректігінің арқасында жауапты қызметтер атқарады. Егін егеді, құрылыста тер төгеді. Ауылда алғаш таза су көзін ашып, егінге арық тартқан білікті маман ретінде де ел ауызынан түскен емес. Тіпті колхозға жетекшілік жасаған тұста жалақысынан жиған соңғы тиынына дейін майданға жәрдем үшін жолдапты.
Дәмен Құланбаева, Қ.Баймағамбетовтың қарындасы
-Біреуден ілгері, біреуден кейін әйтеуір жағдай сондай болды ғой. Онша анау айтқан жағдай бола қойған жоқ. Барын бергесін Үкіметке мал алып, сол арқылы күн көрдік.
Құлаштың ерен еңбегінің қайтарымы бас қолбасшы Сталиннен келген бір жапырақ алғыс хат қана еді. Ал соғыстан кейін «Еңбек Қызыл ту» орденін кеудесіне тағады. Бірақ баба ерлігін ауылдас ағайындары елеусіз қалдырмайтындарын айтады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов