В.Кудрявцев: Өмірдегі басты құндылықтардың бірі – адал еңбек
90-ға келген қария «Еңбек - бәрін жеңбек», тек үміт өшпесін деген өсиет айтады.
Валентин Кудрявцев таң сәріден бері қонақтарды күтіп жүр. Байырғы жауынгер әлі де тың. Бір көргеннен-ақ әскери адам болғаны байқалады. Әр қадамы тәртіппен, есептеулі. Еңбекке 15 жасынан араласқан. 17 жасында Украин майданына аттанды.
Валентин Кудрявцев, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Жан-жақтан қарша бораған оқтан басымды бұға беремін. Осы қылығымыды байқаған рота командирі келіп: «Ұлым, ажал жетсе оқ қай жерден болсын сені тауып алады. Керсінше оққа қарсы жүрсең, ол сенен қорқады», - деді. Содан бастап оққа қасқайып, қарсы тұратын болдым.
Кескілескен соғыста минометші болған. Украинадан кейін Польша, Чехославакияны азат етті. Берлинді қоршауға қатысты. Еліне аман-есен оралған соң Валентин Кудрявцев жол полициясында қызмет етті. Бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отыр. Есімі облысқа белгілі ардагерді жыл сайын байырғы және қазіргі әріптестері Жеңіс күнімен құттықтауға келіп тұрады.
Нұрлыбек Үдербаев, ШҚО ІІД мен Ұлттық гвардия ардагерлер кеңесінің төрағасы
-Бұларды сыйламағанда, біз кімді сыйлаймыз? Біз бұларды ардақтамағанда, кімді ардақтаймыз?! Өйткені бұл кісілердің өмірде сіңірген еңбегі мол. Бізге жеңіс әкеліп берген, бізге өмір сыйлаған адамдарды құттықтаумыз керек.
Александр Рогатов, жас инспектор
-Валентин Алексеевич отанды қорғады, бізге бейбіт өмір сыйлады. Заң саласында еңбегін сіңірді. Атаның әрбір жүрген жолы біз үшін үлкен үлгі.
Ардагер өзінің еңбек жолын ерекше толғаныспен еске алады. Тұман атты көмекші овчарка иті мен талай қарақшыларды қолға түсіргенін әріптестеріне әңгімелеп айтып отырады. Ал үйіне келген кез келген қонақты ет асып, қазақы салтпен қарсы алатын ардагер: «Етсіз мерекені тойлау мүмкін емес», - деп әзілдейді.
Авторлары: Зәуре Елдартқызы, Дмитрий Пыхтин