«Хабар» агенттігі ақтөбелік ардагер Зинаида Ғұсмановаға сыйлығын табыстады
Орынбор облысы Ақбұлақ ауылынан 18 жасында өз еркімен майданға аттанған Зинаида Ғұсманованың ерлігі жастарға үлгі.
Үй шаруасына қажет газ плитасы майдангердің ұлының үйіне жеткізілген болатын. Қазір оның өз пәтерінде жөндеу жұмыстары жүруде. «Хабар» агенттігінің ұжымы атынан сыйлық пен қоса жергілікті кәсіпкер мерекелік тәтті нан пісіріп берген еді. Зинаида Ғұсманова немере-шөберелерімен бірге сыйлықты ықыласпен қабыл алды.
Зинаида Ғұсманова, Ұлы Отан соғысының ардагері
- Әкелген сыйлықтарыңа рахмет. Өмір жастарың ұзақ болсын.
Зинаида Ғұсманова байланыс курсын бітіріп, алғаш ұрысқа Курск доғасында кіріскен.
«Ең ауыр шайқастарды көзіммен көрдім. Ақ қар қанға боялып, төңірек оттан көрінбей жатты. Ол бір қиын кездер еді», дейді. ІІ Украина майданына қатысып, ұрыс шебін басшылықпен жедел байланыстырып отырған. Будапешті жаудан азат етіп, қоршаудан кеңес жауынгерлерін алып шығуда көзге түсіп, «Ерлігі үшін» медалін алған. Ал Жеңіс күнін Чехословакияда қарсы алыпты. Қуанышты күн әлі күнге көз алдында.
Зинаида Ғұсманова,Ұлы Отан соғысының ардагері
- «Соғыс бітті»,- дейді. Сосын ұшып түрегелдім. Чехославакияда болатынмын. Бруно деген қалада. У-шу далада кісі көп. Бірін-бірі құшақтайды. Билеп жатыр.
Елге аман-есен оралған соң, тұрмысқа шықты. Қосағы Забит Ғұсманов Ұлы Отан соғысының І дәрежелі және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған. Екеуі төрт перезент сүйді. Отағасы 2002 жылы дүниеден өтіпті. Қазір 92-ден асқан Зинаида әжей 4 баласынан 9 немере, 12 шөбере сүйіп отыр. Ұрпақтары қарияның ерлігін мақтан етіп, үнемі құрметтейді.
Әсем Ғұсманова, ардагердің шөбересі
-Біздің әжеміздің алдында өтелмеген парызымыз бар. Бейбіт күнді сыйлағаны үшін алғысым шексіз.
Әділет Амантай, ардагердің шөбересі
-Әрбір сөзі жас ұрпаққа тағылым,
Ойға жиған ақылы мен сабырын.
Өмір бойы шындық үшін күресіп,
Жалғандықтың тіліп түскен тамырын.
Ел шетіне жау тигенде ер-азаматтармен бірге қолына қару алып, елді қорғаған қазақтың қайсар қыздарының бірі осы – Зинаида Ғұсманова. Ол Отанға шексіз берілгендіктің жарқын үлгісін көрсетті. Уақыттың тезінен сүрінбей өткен майдангер ананың ендігі тілегі – еліміздің амандығы.
Авторлары: Нұргүл Қонақбаева, Александр Степаненко, Айбек Дәуітов