Ақтөбе облысының 9 ауданында шегірткені улау жұмыстары жүріп жатыр
Ол үшін 6 бірдей мердігер компанияның жұмысшылары мен техникалары жұмылдырылған. Арасында бірнеше жеңіл ұшақ та бар. Биыл өңірде шегіртке жылдағыдан ерте шыққан. Мамандар ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер үшін әзір қауіп жоқ екенін айтады. Себебі шегірткенің қанаты қатып, ұшатын кезеңі шілденің орта тұсынан басталады. Жалпы облыс бойынша 800 мың гектарға жуық алқап химиялық өңдеуден өтеді.
Арыстанбек Жақыбаев, ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің бас маманы:
-Үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына облысқа қажетті препаратқа мемлекеттік сатып алу жұмыстары республика бюджет есебінен комитет арқылы жүргізіліп, бүгінгі күні толық алынды және облыс аудандарына жеткізілді.
Ал Шығыс Қазақстанда кенеден кесел жұқтыру дерегі тіркелді. Өскемендік тұрғын кене боррелиозына, ал риддерлік азамат кене энцефалитіне шалдыққан. Инфекция жұқтыруы мүмкін деген тағы үш адам дәрігерлер бақылауына алынды. Кене энцефалиті мен боррелиозы оңай дерт емес. Орталық жүйке жүйесіне кері әсерін тигізіп, аяқ-қол буындарын, қан тамырларын зақымдайды. Сондықтан жәндік шаға сала екпе алудың маңызы зор. Күн жылынғалы 1 мың 900-ден аса адамды кене шақты. Жәндік Алтай, Тарбағатай, Қатонқарағай сынды таулы аудандар мен Риддер, Өскемен қаласы маңында көбейіп кеткен.