ҰОС ардагері А.Кияткин ұрпақтарымен бақуатты өмір сүруде
Бұл туралы өңір басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Ұлы Жеңіс сарбазы Александр Кияткиннің пәтерінде болып, өңір басшысының атынан құттықтау хат пен ақшалай сыйлықты табыс етті.
Александр Тимофеевич Зеренді ауданындағы Серафимовка селосының тумасы. Балалық шағында Қойсалған ауылына барып, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллинмен бірге асық ойнағанын күні бүгінге дейін мақтаныш тұтады. Кейін Көкшетау қаласында 7 жылдық мектепті тәмамдапты.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Көкшетау аспап жасау зауытында жұмыс істеген. 1942 жылы Қырғызстанның Ферғана қаласындағы оқу-жаттығу батальоны сапында кіші сержант шенін алып, 2-ші Беларусь майданында ұрыстарға қатысты. Кейін 1-ші Беларусь майданына ауыстырылып, Беларусь пен Могилевты жаудан азат етіп, Эльба өзеніне дейін барды.
Майданда көрсеткен ерліктері үшін 2-ші және 3-ші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, бірқатар медальдармен марапатталған. Ұлы Жеңістің куәгері туған жеріне тек 1947 жылдың наурызында оралды.
Кейін Көкшетау аспап жасау зауытына жұмысқа орналасып, учаске шебері, цех басшысы, зауыттың Мәдениет үйі мен паркі және стадион директоры қызметтерін атқарады.
Бүгінгі таңда Александр мен Полина Кияткиндер еңбектерінің зейнетін көріп, ұрпақтарының арасында бақуатты өмір сүруде.
Авторы: Достық Талғатұлы