Уәтәй Әлімходжаев - Берлинге дейін барған ақсақал
Ақсақал соғысқа алғашқы күннен бастап қатысып, Берлинге дейін барды. Президенттің атынан құттықтау алған қарттың қуанышында шек жоқ. Қария бұл 95 жыл ғұмырындағы ең қуанышты, әрі күтпеген сый болғанын жасырмайды.
Бүгінгі күн Уәтәй ақсақал үшін ерекше. Қарт майдангерге Президенттің өзі құттықтау хатын жолдады. Астанадан келген марапат мереке қарсаңында ардагердің көңілін көтеріп, марқайтып тастады. «Көрсетілген құрмет ерлігім мен еңбегімнің еленгенінің тағы бір дәлелі», - дейді қария.
Уәтәй Әлімходжаев, Ұлы Отан соғысының ардагері
- Бұл кісімен талай кездестік. Бұл кісімен талай дастархандас болдық. Бұл кісінің жөні бөлек адам ғой.
Уәтәй ақсақал соғыс кезінде талай рет жау әскеріне тойтарыс беріп, ер атанды. Польша, Венгрия, Румынияны жаудан азат етуге қатысты. Ерлігі үшін «І дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталған. Соғыстан оралған солдат еңбекке араласты. Алғашында мұғалім, кейіннен мәдениет саласында қызмет етті. Отбасын құрып шаңырақ көтерді. Бүгінде ақсақал 5 баладан тараған 6 немере, 8 шөбере сүйіп отыр. Қазір бейбіт заманға шүкіршілік етеді.
Уәтәй Әлімходжаев, Ұлы Отан соғысының ардагері
- Сіздерге тілейтінім келе жатқан жаңа жылдың алдында денсаулықтарыңыз мықты болсын. Ел-жұртқа аянбай еңбек етіп, еліміздің абыройын көтере беріңіздер. Аумин!
Қай кездеде халқымен санасып, қартына ізет көрсетіп жүретін көрегенді қасиеті бар Елбасы бұл жолы да ТМД елдері басшыларының арасында ардагерлерді алғаш болып құттықтады. Жыл санап қатары сиреп бара жатқан қарияларға құрмет көрсетіп, қастерлеу бүгінгі ұрпақтың парызы.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев