Жамбыл облысының диқандары өнімдерін өткізе алмай жүр
Жамбыл облысында қант қызылшасын еккен диқандар өніміміз далада қала ма?, - деп алаңдаулы. Себебі аймақтағы қант зауыты тәтті түбірді қабылдап үлгере алмай жатыр. Қазір кәсіпорын алдында ұзын-сонар кезек. Шаруалар зауыт алдында 4 күннен бері түнеп жүр. Мәселе қалай шешіледі?
Биыл Жамбыл облысының диқандары 600 мың тоннадан астам қант қызылшасын жинады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп рекордтық көрсеткіш. Аймақта екі қант зауыты болғанымен, біреуі ғана қызылшаны қайта өңдеумен айналысады. Сондықтан диқандар Меркідегі зауыттың алдында 4 күннен бері түнеп жүр.
Нұрдәулет Ахметов, шаруа:
- Күніге кезек, келесің үш күндеп, төрт күндеп жатасың, мына жақта жейтін тамағың, шығының бар. Жан-жаққа жіберіп, мынандай кезек қылмай, ертерек бітірген дұрыс қой. Мынау қарқынмен ұра беретін болса, наурызға дейін барайын деп тұр ғой.
Қазір тонналаған қызылша алқап басында жатыр. Мәселен, Байзақ ауданындағы 2,5 мың гектарға егілген тәтті түбірдің 400 гектары ғана қазылған. Ал зауыт бұған дейін күніне 3,5 мың тонна қабылдаса, кезек көбейгендіктен 5 мың тоннаға дейін ұлғайтыпты.
Нұржан Қарғабаев, қант зауытының директоры:
- Жамбыл облысында екі қант зауыты бар. Зауытты қосу керек. Мына біз көріп жатсыз, үлгермей жатырмыз. Бұрын қарашаның 30-ында тоқтатушы едік. Енді мына желтоқсан айына кетіп қалайын деп тұрмыз. Облыс бойынша 150 ауыл шаруашылық қожалықтарымен келісімшартқа отырдық, солар тасып жатыр.
Шаруалар шағымын шеше алмаған аймақ басшылығы Үкіметтен көмек сұраған. Ондағылар республикалық комиссия құрды.
Әбілхайыр Тамабек, облыс әкімінің орынбасары: - 24 сағат жұмыс істейміз деп кеткен. Бірақ айтып отырмын ғой. Зауыт міндеттемелерін орындамай отыр. Сол үшін Үкімет деңгейіне шығардық бұл мәселені. Қазір комиссиясы келсін, 2 күнде анықтайды ғой. Одан кейін барып міндетті түрде басында келіскен келісімге келеміз деп ойлаймын. Жаңадан график жасаймыз. 2 -2,5 мың тонна күндігіне осы 3 ауданға лимит алатын боламыз.
Бұған дейін ауыл шаруашығы басқармасының мамандары артылған өнімді Талдықорғандағы Ақсу қант зауытына жібереміз, - деп айтқан. Бірақ жолы алыс, аймақтан шалғай орналасқан зауытқа шаруалардың барғысы жоқ. Сондықтан жергілікті билік дақылдарды далада қалдырмау үшін Қырғызстандағы кәсіпорындармен келісіп көрмек.
Мерей Бает, Елдар Байділдә