Орынғали Қарасаев майданнан 1947 жылы ғана оралған
Зор құрмет, биік мәртебеге ие болған қариялармен біздің тілшілеріміз де сұхбаттасты.
Бүгінде республикамыз бойынша сұрапыл соғыстың куәсі болған 5 мыңнан аса қарт майдангер қалыпты. Соның 82-сі Атырау облысында тұрады. Солардың бірнешеуіне бүгін облыс әкімі Президенттің арнайы құттықтауын жеткізді.
Елбасы құттықтауын алған ардагерлердің бірі - Орынғали Мұсаұлы. Биыл 90 жасқа толған қарт майдангер соғысқа 1943 жылы 10-сыныпта оқып жүрген кезінде өзі сұранып кеткен. Майданды Мәскеудің түбінен бастаған жауынгер Жапон соғысын аяқтап, елге 1947 жылы ғана оралған. Көзі ашық, көкірегі ояу кешегі мемлекеттік қызметкер бүгінгі дербес елдің жетістіктеріне аса жоғары баға береді.
Орынғали Қарасаев, Ұлы Отан соғысының ардагері
- Міне, Елбасының басқару арқасында қазір 23 жылдың ішінде еліміз айтарлықтай дамыды. Өнеркәсіпте де, ауылшаруашылығында да, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау саласында бәрінде де осы 23 жылдың ішінде көптеген өзгерістер бар.
Орынғали Мұсаұлы 65 жыл отасқан ғұмырлық жары Дәметия Қосалықызы екеуі төрт бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған қазақтың қазыналы қарттары. Кезінде соғыстан келісімен елдің еңсесін көтеруге бел шеше кірісті. «Еңбек ардагері», «Облыстың құрметті азаматы» деген атаққа да ие болды. Мемлекетіміздің бар жетістігін ол кісі Президент есімімен байланыстырады.
Орынғали Қарасаев, Ұлы Отан соғысының ардагері
- Күні кеше Президенттің өндірістің 5 жылдығын қорытындылағанының өзі адамды біріншіден, қуанышқа бөлейді. Екіншіден, осындай аз ғана уақыттың ішінде осындай табысқа жеткенімізге таңдандырады. Сондықтан мен Президенттің саясатын өте дұрыс деп есептеймін.
Елбасының жеке құттықтауын алуы қарияға қосымша күш-қуат бергендей. Оған қоса жергілікті билік те ардагерлердің барлығына әлеуметтік және материалдық көмектерін үзбей беріп тұрады.
Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов