ЖІӨ еселеуге Атырау облысы қандай үлес қосып жатыр?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген көлемді сұхбаты ел ішінде қызу талқыланып жатыр. Онда саяси реформалар, экономика, ішкі және сыртқы саясат туралы біраз дерек айтылған.
2023 жылы Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі 259 млрд доллар болды. Алдағы 5 жылда оны екі есеге арттыру жоспарланған. Бұл көрсеткішті еселеуге Атырау облысы қандай үлес қосып жатыр?
Президенттің «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбаты жан-жақты. Елімізде экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстары мықтап қолға алынды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Былтырғы қорытынды бойынша еліміздің ішкі жалпы өнімі 259 млрд доллардан асты. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 15% артық. Дегенмен ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру арқылы 2029 жылы 450 млрд долларға жеткізу көзделген. Мемлекет басшысы инвестиция тартудың да маңызы зор екенін айтты. Өңірде былтыр жалпы құны 24 млрд теңгеге жуықтайтын 3 инвестициялық жоба жүзеге асқан.
Мұнайлы өңірдің былтырғы өнеркәсіп өнімі 10 трлн теңгеге жуықтады. Ал экспорт көлемі 24 млрд теңгеге жетті. Дегенмен өңір тұрғындарын сапалы азық-түлікпен қамту мәселесі маңызды.
Полымбет Хасанов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:
- Өңір экономикасы мұнай және газ саласына бейімделуіне байланысты бірқатар азық-түлік өнімі көршілес облыстар мен өзге мемлекеттерден тасымалданады. Дей тұрғанмен облыста жылқы, сиыр, қой еттері, шұжық, макорон, ұн, көкөніс өнімдері, жұмыртқа, нан және кондитерлік өнімдер, балық, консерві, жартылай фаврикат өнімдері өндіріледі.
«Мұнай-газ саласымен қатар еліміздің әр өңірінде өңдеу өнеркәсібін жандандыру керек», - дейді сарапшылар.
Мысалы, Атырау өңірінде жүн мен тері, сондай-ақ сүт өнімдерін өңдеу кенжелеп қалды. 10 шақты жыл бұрын ашылған жүн өңдейтін жалғыз кәсіпорын жергілікті қойдың жүнін өңдеуге қауқарсыз боп шықты. Қыруар қаржы бөлініп, салынған нысан қазір істен шыққан.
Күлән Нұрсұлтанова, экономика ғылымдарының кандидаты:
- Президент мақаласында маңызды мәселелер қамтылды. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау үшін өңдеу тек мұнай-газ саласын ғана емес, барлық саланы қамту керек. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту арқылы біз халықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, экспорт көлемін де ұлғайтамыз. Шетелге шикізатты шығарғаннан гөрі дайын өнімді экспорттау әлдеқайда пайда әкелетіні белгілі.
Өңдеу өнеркәсібіндегі былтырғы өнім көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 5,6% ұлғайып, 626 млрд 300 млн теңге болды. Егер бұл сала жанданса экономикалық даму да қарқынды болар еді.
Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов