1942 жылы 18-ге толмаған К. Әлімбаев өз еркімен майданға аттанады
Мұндай шара ТМД елдерінде осыған дейін іске асырылған емес. Осы шара аясында еліміздегі 5115 қарт майдангердің әрқайсысы Мемлекет басшысының құттықтау хаты мен сыйлығын алады. Аталған сый-сияпаттарды Елбасының тапсырмасымен облыс, қала, аудан әкімдері соғыс ардагерлеріне арнайы барып табыстайды. Осындай құттықтауға алғашқылардың бірі болып, Алматы облысының Боралдай кентінде тұратын қарт майдангер Күшірхан Әлімбаев ие болды.
1942 жылы 18-ге тола қоймаған Күшірхан Әлімбаев өз еркімен майданға аттанады. Сұрапыл жылдардың қасіретін көрген ардагер 70 жыл өтсе де, Отан үшін қаза тапқан майдандастарын, соғыс жүрекке салған жарасын ұмытқан жоқ. Күшірхан ата 1923 жылы Ақтөбе облысының, Ырғыз ауданында дүниеге келді. Ашаршылық жылдары ата-анасынан айырылған бала ағаларымен бірге Орынбор облысындағы, Орск қаласына барып тұрақтаған. Кіші сержант Әлімбаев алғашқы ұрыста минометшілер тобын басқарды. Батыс және Балтық жағалауы майдандарында атқыштар дивизиясының қатарында соғысты. Украина, Белоруссия жеріндегі шайқаста барлаушы міндетін атқарған. Сарбаз 1945 жылы Жапонияға қарсы соғысқа қатысып, 1946 жылы үйіне жеңіспен оралады. Күшірхан Әлімбаев «ІІ дәрежелі Отан соғысының» орденімен және «Ерлігі үшін» секілді, барлығы 27 медальмен марапатталған. Төрт рет жараланса да, госпитальда емделіп, ұрыс даласына қайта шығады.
Күшірхан Әлімбаев, Ұлы Отан соғысы ардагері
- Екі аяғымнан да болды, қолымнан да болды. Сосын басымнан да, в общем, бірталай жаралы болдым. Осы отырғанда, осы на теле үш осколка тұр. Ол пока маған мешать етпейді. Это просто соғыстан қалғаны, қалдырған белгісі.
Күшірхан ата соғыстан кейін көп жылдар мал дәрігері болып еңбек етті. Совхоздың партия ұйымының хатшысы, колхоз төрағасы қызметін атқарған. Бейбіт өмірдегі қызметі де еленіп «Еңбек ардагері», «Тыңға 50 жыл», «Айбынды еңбегі үшін» және басқа да медальдармен марапатталған. Бүгінде қария Алматы облысының Боралдай кентінде тұрады. Екі ұлы мен бір қызынан немере, шөбере сүйіп отыр. Өзінің 92 жасына қарамастан зейнеткердің қимылы ширақ.
Күшірхан Әлімбаев, Ұлы Отан соғысы ардагері
- Газет, кроссворд, барлығын оқимын, разгадывать етемін, сөйтіп үйде отырамын. Ал былай далада жұмыс істеймін.
Президенттің атынан құттықтап келген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ардагерді Елбасы жолдаған хатты тапсырды. Жаңа жылмен құттықтап, Ұлы Жеңістің 70 жылдығының дайындығына атсалысуға шақырды.
Күшірхан Әлімбаев, Ұлы Отан соғысы ардагері
- Құттықтағанына рахмет. Көп рахмет айтамын істегендеріне, бізді сол сыйлап ветерандарды ұмытпай, жақсылап көмегін беріп, бізді сыйлады. Менің тілейтінім біздің көргенімізді, соғысты, алдағы уақытта болмасын деп мен тілеймін қазір енді.
Жеңіс күні Әлімбаевтар отбасы үшін ерекше мейрам. Жылда үлкен шаңырақта дастархан жайылып, ардагерді құттықтауға туыстары, көршілері мен достары жиналады.
Авторлары: Динара Саруар, Кенже Әміреев