Қарты бар ел - қазыналы
«Қарты бар ел - қазыналы» деп халқымыз бекер айтпаған. Алмат Ермағанбетов. 90-ның төріне шыққан қария. Атқыштар дивизиясы құрамында Украина, Белоруссия елдерін азат етуге қатысқан. Елге оралғаннан кейін Отанын көркейтуге атсалысқан қарт жауынгер бүгін Елбасынан құттықтау хатын алды.
Алмат Ермағанбетов, Ұлы Отан соғысы ардагері
- Қазір заман өзгерді, заман жақсы, заманға байланысты тұрмыс жағдай да адамдардың жақсарды. Оған біз ризамыз. Алдағы уақытта соғыс болмасын.
Алмат атайдың ақ тілегін ардагер Жалғасбай Қуатов жалғастырды. Ұлы Отан соғысында қария Балтық елдерін азат етуге қатысқан. Кеудесі орден, медальға толы ардагерге 5 жыл бұрын пәтер берілген. Жаңа жылдың алдындағы құттықтауға балаша қуанды. Президент арнайы жолдаған сыйлыққа ризашылығын білдірді.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлайтын күн де алыс емес. Қан майданда жаумен шайқасқан ардагерлерге деген құрмет ерекше. Ақтөбе жерінен соғысқа аттанған 122 мың боздақтың 36 мыңы оралмаған. 35 ақтөбелік Кеңес Одағының батыры атанды.
Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев