Атыраулық майдангердің КСРО батыры атағына ұсынылғаны анықталды
«Халық ерлігі» деп аталатын ресейлік электронды банктен атыраулық майдангер Рахметолла Қарамановтың ерлігі туралы тың дерек табылды. Құжат 1945 жылдың сәуірінде Берлинде жазылған екен. Онда майдан басшылығы полктің саяси жетекшісі аға лейтенант Қарамановты ең жоғары марапат КСРО батыры атағына ұсынған. Бірақ белгісіз себептермен ол марапат қазақстандық батырға жетпей қалған. Тек араға 72 жыл салып майдангердің ерен ерлігі лайықты бағасын алды.
Қарамановтарды зор қуанышқа бөлеген жағымды жаңалықты 10 жасар Әнуар жеткізді. Оған мектепте Ұлы Жеңіс күніне орай қосымша тапсырма беріледі. Орындау үшін жас ұлан өз атасы жайында зерттеуге кіріседі. Ресейлік сайтқа кіріп, атасының ерлігі туралы тың мәліметті табады.
Әлихан Жалғасов, ҰОС ардагері Р.Қарамановтың шөбересі:
- 1008 атқыштар полкінің командирі Царевтің берілген құжаттары табылды. Ол құжаттарда Царев: «Қараманов Рахметолла басын ажалға тіге отырып, дзотқа еңбектеп барып, граната лақтырып, 9 немістің көзін жойғаны үшін Қараманов Рахметоллаға Батыр атағын және Ленин орденін, сонымен қатар «Алтын жұлдыз» медалін беру керек», – деп жазған.
Рахметолла Қараманов 1909 жылы Атырау облысы Жылыой ауданында өмірге келген. Білім алып, Моңғолиядағы Сыртқы істер министрлігінде қызмет еткен. Соғыс басталғанда аға лейтенант Қараманов Отан қорғауға аттанады. Украина-2 майданына қарасты 1008 полктің саяси жетекшісі болған. Қазақстандық сардардың талай ерлік танытқанын мұрағат құжаттары айғақтайды.
«1945 жылдың 17 сәуірінде Одер өзені үшін болған шайқаста аға лейтенант Қараманов жау дзотын гранатамен талқандап, 9 фрицтің көзін жойды. 23 сәуір күні кескілескен ұрыс кезінде жау тылына өтіп, 7 жаудың көзін жойды. 26 сәуір күні полктің саяси жетекшісі жауынгерлерді бастап ұрысқа көтеріп, аса маңызды нысанды басып алуға жол ашты. Осы ерліктерін ескере отырып қазақстандық сардар Қарамановты Кеңес Одағының батыры атағына лайық деп танимын». Полк командирі Царев.
Елге оралған соң Рахметолла Қараманов туған жерінде еңбек етті. Ауылды басқарды. Білім алып, қаржы саласының маманы атанды. Майданда «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», «Қызыл ту» ордендерін иеленсе, бейбіт күнде «Еңбек Қызыл Ту» орденін өңіріне тақты. 1986 жылы өмірден озды. 5 ұл, 1 қызы әке көрсеткен өнегелі тірлікті жалғап келеді.
Роза Балжігітова, ҰОС ардагері Р.Қарамановтың келіні:
- Кеңес Одағы батырына ұсынылған марапаттау қағазын көргенде қатты қуандық. Бірақ бұл атақ туралы ол кісінің аузынан естімеп едік. Енді атаның осындай атаққа лайық екеніне мақтанамыз және де осындай қаһармандықтың үлгісін бүкіл ұрпақ үлгі етсе деп ойлаймыз.
Батырдың ұрпақтары Ресейдің Ішкі істер министрлігіне сұрау салған. Анықталғаны, Ұлы Отан соғысында ерлік жасағандарға тапсырылып үлгермеген 53 мың 500-дей марапат бар екен. Міне, солардың арасында Рахметолла Қарамановтың да «Алтын жұлдызы» болуы әбден мүмкін.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев