Орал қаласы Сталинград майданының тылдағы басты ресурсы болған
Каспий мен Еділ бойының және Қап тауының қазба байлығына көз алартқан басқыншылар 1942 жылдың жазында басым күшті оңтүстікке бағыттады. Сөйтіп Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Орда аудандары Сталинград майданының тылы деп жарияланды. 1942 жылдың қыркүйегінен бастап бұл ауылдар бомбаның астында қалды.
Неміс басқыншыларының табаны қазақ жеріне тимесе де, жарты әлемді жалмаған соғыс жалыны еліміздің шетін шарпып өтті. 1942 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек, Сайқын және Шоңғай стансалары жау ұшақтарының толассыз шабуылдарына ұшырады. Өйткені бұл аудандардың аумақтарымен теміржол өтетін. Ал теміржол арқылы күн сайын Сталинград майданына қару-жарақ, азық-түлік, әскерлер тиеген эшелондар ағылып жатты.
Сондай эшелонның бірінде Зинаида апамыз да болыпты. Жәнібек стансасына жете бергенде төбеден түскен от әп-сәтте сәбиді ата-анасынан айырды. 3 жасар жетімді Әбдірахман есімді жергілікті азамат асырап алыпты.
Зинаида Ғаниева, зейнеткер:
- Асырап баққан кісілерге көп алғыс айтамын. Өз әкем әскери фельдшер болған. Соғыс кезінде Волгоградқа апарғысы келді ме, әйтеуір, жолда бомба түскен. Араларында тірілерін осында алып келген.
87 жастағы Үміт Ибраева да сол күндерді қинала еске алады. 13 жастағы қаршадай қыз сан мәрте жаралыларды жинапты. Алғашында анасымен бірге бас сауғалап беталды қашқанымен, иен даладан талғажау таппай, кері оралған. Азғантай азық үшін аэродром салып жатқан солдаттарға су тасушы болыпты.
Үміт Ибраева, тыл ардагері:
- Ойнап жүрген көрші қыздың аяғын алып кетті. Көрші орыс әжей бар еді. Ол да бомбаның зардабын шекті. Көп адам қырылды.
Шойынжол бойындағы ауылдарға шабуыл 1942 жылдың 8 қыркүйегінде басталса, ақпанға дейінгі аралықта 538 бомба тасталған. Мұнара нысанаға бірінші іліккен. Себебі отарбалар осы жерден су алады екен. Жәнібекте бұдан басқа да 40 шақты нысанға бомба түскен. Сол күндері ауылда орналасқан госпитальдағы 93 сарбаз қаза тапқан. Олардың сүйегі бауырластар зиратында. Ал кейінгі кезде тағы 47 боздақтың есімі анықталды.
Ахмедияр Батырханов, өлкетанушы:
- Анықтап отырмыз. Бірақ нақты қай жерде жерленгенін таба алмай жүргеніміз өкінішті. Өйткені көз көргендерден сұрастырып білгеніміз, жауынгерлерді жау бомбасынан қалған шұңқырларға көміп, үстіне рельс қадағандарын айтқан болатын.
Сол күндердің шежіресі ауыл мұражайында қаттаулы. Жыл сайын табылып жататын қарулардың қатарына биыл ұшақ қалдықтары қосылыпты. Жалпы ауданнан қан майданға 3600 адам кетсе, жартысынан көбі оралған жоқ. Себебі сарбаздардың басым бөлігі бірден Сталинградқа аттанған. Осындай қилы кезеңді бастан кешкен соң ба, бұл жақта Жеңіс күнін ерекше қадірлейді. Сол сұрапыл жылдарда ерлігімен ерекшеленген жәнібектіктер ауданға айрықша мәртебе берілгенін қалайды.
Амангелді Уәлиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Әскери даңқты немесе қаһарман қала ретінде атақ беру туралы жоғарыға бірнеше рет ұсыныс жолданды. Осы мәселе шешілмей келе жатыр. Көршілес Бөкей Орда мен Жәнібек аудандарына да осындай атақ өте қажет.
Жеңіс күні бауырластар зиратына гүл шоқтарын қойған аудан жұртшылығы «Қаһарман ұлт» шарасына қатысты. Соғыс құрбандарына тағзым етті.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов