Ақтөбе облысында ҰОС ардагерлеріне 222 мың теңгеден сыйақы берілді
Олардың барлығына мерекеге орай 222 мың теңгеден сыйақы берілді. Қарт майдангерлер мерекелік шаралардың құрметті қонағы болды.
Ақтөбеде Жеңіс күні жылдағы дәстүрмен «Мәңгілік алау» ескерткіші маңында өткен еске алу шарасынан басталды. Сұрапыл жылдары ел қорғаған батырлардың ұрпақтары гүл қойып, қаза тапқан сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ақтөбе жерінен ІІ дүниежүзілік соғысқа 120 мыңнан астам азамат аттанған. Қан майданнан 36 мыңы оралмады. Бүгінде 92 ардагер ғана Жеңістің 72-көктемін қарсы алып отыр.
Қамалхан Қуанұлы, тыл ардагері:
- Соғыстың біткені менің көз алдымда. Менің әкем «соғыс бітті» деп Ойыл ауданынан атпен шауып келіп хабарлады. Бұл деген үлкен мереке.
Бүгін қалада «Мәңгілік полк» шеруіне 20 мыңға жуық ақтөбелік қатысты. Олар сұрапыл соғыста шейіт болған атасының, әкесі немесе бауырларының фотосуреттерін ұстап шықты. Ерлік ұмытылмақ емес. Мәскеу, Сталинград пен Ленинград қалаларын қорғауға қатысқан 312 атқыштар дивизиясы мен 101-атқыштар бригадасы осы Ақтөбе жерінен құрылған болатын.
Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:
- Біздің 45 жерлесіміз Кеңес Одағының батыры, Даңқ орденінің толық кавалері болды. Ендігі ақтөбеліктердің міндеті – арамызда аз ғана қалған соғыс ардагерлеріне басымызды иіп, қалған өмірлерінің жақсы өтуіне барлық мүмкіндікті жасау.
Биыл облыстық атқарушы билік әрбір соғыс ардагеріне 222 мың теңгеден бір реттік әлеуметтік көмек берді. Ал оларға теңестірілген 9 мың 165 азаматқа 50-70 мың теңге қаржылай сый жасалды. Бір реттік материалдық көмек көрсетуге жергілікті қазынадан 283 млн теңге жұмсалған.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков