Айша Абдуллина ҰОС кезінде сарбаздардың рухын көтеру үшін ән салды
Ол 1938 жылы актерлік факультетті тәмамдаған. Алайда Айша Абдуллинаға үлкен сахнада өнер көрсету бақыты ерте бұйырыпты. Ол Шекспирдің «Отелло» трагедиясындағы Дездемона рөлін сомдаған алғашқы қазақ қызы.
Айша Абдуллина Қазақ ССР-нің халық әртісі
-Сол енді фронтқа кеткен жігіттер қайтпады ғой. Олар да артист болып келген, сосын бірге студияда оқыды, бірге оқыған 3 жігіт фронттан қайтқан жоқ, қайтыс болып кетті. Сонымен мен жалғыз қалдым.
Айша Абдуллина 1944 жылы концерттік бригада құрамында өнер көрсетті. Ел басына күн туған заманда 2 жүк көлігін қосып, сахна жасайды. Осылайша майдан даласында сарбаздардың рухын көтеру мақсатында ән салды. Олардың сахнада тұрып шырқаған әндері алдыңғы шептегі сарбаздарға дейін естілетін болған. Батыр қыздың айтуынша, олардың әндерін тек, Кеңес жасақтары ғана емес, неміс сарбаздары да тыңдапты.
Бейбіт Исабаев, ҚР Қырғызстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі
-Елбасының тапсырмасы бойынша, келесі жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында біз Қазақстанда тұратын барлық ҰОС ардагерлерін марапаттап жатырмыз, құттықтап жатырмыз. Елбасының жылы сөздерін, құттықтауларын жеткізіп жатырмыз. Төлқұжаты қазақстандық, Қазақстанда туып-өскен, осында қазір тұрып жатқан Қазақстан азаматын Елбасының атынан, Қазақстанның атынан алдағы келе жатқан Жаңа Жылмен құттықтауға әдейі келдік бүгін. Келесі жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құтты болсын.
Айша Абдуллинаның шығармашылық өмірі Шымкентте өтті. Еңбегі еленіп, Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген әртісі, содан соң Халық әртісі атағын алды. 2002 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы. Қазақтың қайсар қызы қазір Қырғызстанда тұрады. Соған қарамастан Елбасының назарынан тыс қалған емес. «Керісінше, арадағы шақырымдар Мемлекет басшысының қолдауын сезінуге кедергі емес», - дейді кейуана. Ардагер үшін ендігі мақсат - Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлау. Айта кетейік, 2 жылдан соң, Айша Абдуллина жүз жасқа толады.
Авторлары: Әсел Ауданбаева, Бакыт Чермашев. Виктор Акуленко