Маңғыстау облысында 66 соғыс ардагері қалды
Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік хат ақтаулық ардагер Анна Морозоваға да жетті.
Балалар үйінің тәрбиеленушісі Анна Морозова майдан даласына не бары 17 жасында аттанған. Бастапқыда қаршадай қыз жараланған сарбаздардың жарасын таңып, майдандастарына көмек көрсеткен. Жарты жылдан соң барлау ісіне араласады. Алғашқы ұрысы әлі есінде. Жау ұшағы туған қаласы Саратовты оқтың астына алады. Отан үшін жан беруге дайын Анна құрбыларымен бірге қаладағы жалғыз теміржол көпірін қорғап қалған.
Анна Морозова, ҰОС ардагері
-Біздің ел үшін бұл көпірдің маңызы зор болатын. Сондықтан да бар ойымыз сол көпірді жау бомбасынан аман алып қалу болды. Көктен жауған оққа қарсы біз де әрекет еттік. Көпірдің үстінде тұрмыз. Бір уақытта командирімнің: «Морозова, жат!», - деген бұйрығын естіп, жата қалдым. Бірер минуттан соң басымды көтеріп, айналама қарасам, тым-тырыс. Сол күні мен бірнеше құрбымнан айырылдым.
Зеректігімен көзге түскен барлаушы қыз Украинаны азат етуге, кейіннен Румыния мен Венгрия үшін болған ұрыстарға қатысады. Соғыстан кейін де елі үшін тер төгіп, түрлі салада еңбек етеді. Бірнеше жыл балабақша басқарады.
Әскери қызметшіге күйеуге шыққан Анна Морозова Ақтауға өткен ғасырдың ортасында көшіп келген. Бүгінде қарт майдангер немерелерінен шөбере сүйіп отырған бақытты әже.
Анна Морозова, ҰОС ардагері
-Мен Ресейде туылдым. Алайда бақытты кезеңімнің барлығы Қазақстанда өтті. Соғыс ардагерлері мемлекетіміздің қамқорлығын ұдайы сезініп келеміз. Пәтер берді, қаржылай қолдау көрсетіп отырады. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса тегін емделеміз. Мұның бәрі, әрине, сүйікті Президентіміздің арқасы.
Жаңа жыл алдында Мемлекет басшысынан құттықтау хат алған батыр әже балаша қуанды. «Бұл хаттың орны ерекше. Жеңістің 70 жылдығына арналған хат үй төрінен орын алады», - дейді ардагер.
Жалпы, Маңғыстау облысында қазір көзі тірі не бары 66 соғыс ардагері қалған. Барлығы да Елбасының ыстық ықыласынан құр алақан қалған жоқ.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ринат Досалиев