Маңғыстау облысында көше жолдарының сапасы көңіл көншітпейді
Маңғыстау облысы Атамекен ауылындағы көше жолдарының сапасы көңіл көншітпейді. Ой-шұңқыры көп 13 көшенің жолын жөндеу жұмыстары күздің жаңбырлы күндері басталыпты. Ескі асфальт сүрілген топырақ, ылғалмен араласып, ми балшыққа айналған. «Тобықтан асатын лай суды кешіп, аяқкиімі былғанған балаларды қоғамдық көліктердің алмай кетуі жиілеп барады», - дейді тұрғындар.
Бұл Атамекен ауылындағы «Туған ел» тұрғын үй массиві. Ақтаудың іргесіндегі елді мекен көшелерінің қазіргі күйі осы. «Ми батпаққа айналған жолмен жаяу түгелі көлікпен жүру қиын. Аяқкиіміміз лас болған соң автобусқа отырудың өзі мұңға айналды», - дейді тұрғындар.
Гүлстан Боранбаева, ауыл тұрғыны:
- Біздің балаларымызды тіпті мектепке кіргізбейді. Аяқтарына пакет киіп барады. «Сменный» аяқкиім ки, содан кейін барып кіріңдер, - деп. Автобусқа мінгізбейді кондукторлар, аяқтарың балшық деп. Сонда біздің балалар қайтеді?!
Нұркен Қарасаев, ауыл тұрғыны:
- Щебеньді экспертизадан өткіземіз, бүгін-ертең өтуі керек. Сосын төсеп бастаймыз, - дейді. Ең болмаса, жол ПГС болса, мына балалар балшықта жүрмесі үшін. Одан кейін хабар жоқ.
Ауыл әкімдігі мәселеден хабардар. Жауаптылардың айтуынша, жалпы ұзындығы 9,3 шақырым болатын 20 көше жөнделеді. Қазір үшеуінің жолы тегістеліп, тағы екі көшеге құм-қиыршықтас төселген. Қалғандарына биыл дәл осындай жұмыс жасалып, келер жылы асфальт жабынды салу жоспарланған.
Ерлан Қайнаров, Атамекен ауылдық округінің әкімі:
- Қолында кестесі бар, мердігер мекеме бар. Мына ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыстар қазір тиісті деңгейде жүрмей жатыр. Ұлттық сараптама орталығынан қорытынды қалай береді, қалай мүмкіншілік береді келесі процесті жүргізуге сол кезде жұмыстары өзіне бекітілген график бойынша жүріп отырады.
Жоба құны – 400 млн теңге. Оның аясында Атамекен көшелеріне бір жолақты асфальт төселмек. Себебі кезінде саяжай болған елді мекен іші тар болғандықтан екі жолақты етіп салуға келмейді.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев