Василий Пазыч: Қазақстанның басты байлығы – бейбітшілік
Он жетісінде қару асынған ол қазір әлі де тың. Шаруашылыққа араласып, ара-тұра аңға да шығып тұрады екен.
Тоқсанды алқымдаған қарт майдангердің бұл үйреншікті әдеті. Темір тұлпарын сайлап, үй шаруасына араласпаса, жаны жай таппайды. Күбірлеп, күнделікті күйбең тіршілікпен жүрген ардагерді Елбасының тосын сыйы толқытты. Құттықтауды алып, қуанышы қойнына сыймаған ол Президентке өз алғысын жеткізді.
1944 жылдан сұм соғыс аяқталғанға дейін Василий Пазыч Украина түбінде шайқасқан. Жау әскерін жоюға әуеден жойқын соққы берумен атсалысқан ұшқыш 100 мәрте көкке көтеріліпті.
Василий Пазыч, Ұлы Отан соғысының ардагері
-1945 жылы соғыс аяқталды. Бұл үлкен қуаныш болатын. Барлығымыз мәз-мейрам болдық. Мен бірақ елге 1952 жылы оралдым. Соғыс біткен соң әскери қызметімді әрмен қарай 6 жыл бойы Австрияда жалғастырдым.
Елге оралған соң ол еңбекке араласады. Техникалық білім алып, өндіріс ошақтарында қызу жұмыс істейді. Бүгінде бейнетінің зейнетін, еңбегінің жемісін көріп отырған қарт жауынгер ел дамуына дән риза. Айтуынша, Қазақстанның басты байлығы – бейбітшілік.
Василий Пазыч, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Біздің көпұлтты халқымыз қазір мылтықтың дүрсілінен емес, бұлбұлдың сайраған үнімен оянуда. Ал бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының арқасы. Ол барлығын ұйытып ұстап отыр. Сырт елдер осыған қызыға да қызғана қарайды. Сондықтан еліміз одан әрі дами берсін!
Соғыс ардагерін туыстары: «100 жасайды», - дейді. Оған себеп те жоқ емес. Қарт сарбаздың ұстанымы – «Тәні саудың – жаны сау».
Людмила Пазыч, туысы
-Василий Максимовичтің әр күні дене жаттығуларынан басталады. Қарттығына қарамастан, салауатты өмір салтын ұстанады. Табиғатта серуендегенді жақсы көреді. Жаздыкүні туыстарымызбен бірге бәріміз жидек, саңырауқұлақ теруге шығып тұрамыз.
Қазіргі таңда аймақта 300-ге жуық соғыс ардагері бар. Өкінішке орай қариялар қатары жыл сайын сиреп барады.
Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный