Ақмола облысында тасқын салдарынан бүлінген ғимараттар жөнделіп жатыр
Ақмола облысында тасқын салдарынан қабарғалары мен едені бүлінген білім беру мекемелері жөнделіп жатыр. Жалпы өңірде 4 нысанды су басқан. Оның екеуі мектеп, балабақша және балалар лагері. Қалпына келтіру жұмыстарына 600 миллион теңгеге жуық қаржы қажет.
Бұл іргетасы жарты ғасыр бұрын қаланған облыс орталығындағы «Ер Төстік» балабақшасы. Наурыз айының соңында қала ішімен ағып өтетін Қылшақты өзені тасығанда балабақшаның бірінші қабатын қызыл су басып қалған еді. Қазір нысанды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Балабақшаның бірінші қабаты түгел бүлінген. Едендері шіріп, қабырғаларын сыз басқан. Бірнеше күн бойы шылқыған суда тұрған жиһаздар далада кептіріліп жатыр. Бірақ кәдеге жарайтыны аз.
Татьяна Ержанова, балабақша меңгерушісі:
-Бірінші қабаттағы жиһаздардың бәрі су астында қалды. Кеңсе техникаларын жоғары қабатқа көтеріп үлгерік. Қазір су тиген үлкен жиһаздардың жартысы жарамсыз болып қалды.
Ғимаратта жөндеу жұмыстары 1,5 ай бұрын басталған. Содан бері балғындар басқа балабақшаға баруға мәжбүр. Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары екі аптаның ішінде аяқталуы тиіс.
Шолпан Файзуллина, мердігер компания өкілі:
-Біз қолымыздан келгенше жұмыстың бәрін істеп жатырмыз. Бірақ біздің қолымыздан келмейді, мынау ауа райына байланысты жердің астындағы су бүкіл ылғалды ішіне тартып жатыр. Сондықтан ішіндегі іргелер мен полдар кеппей жатыр. Оны электорлық газовый пушка қойып кептіріп жатырмыз. Бірақ оның пайдасы жоқ. Ол өзі кебу керек.
Балабақшаны қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 93 млн теңге бөлінді. Ал қалған үш нысанды жөндеуге қажет қаржы республикалық қазынадан қарастырылады.
Шоқан Оразалин, білім басқармасының басшысы:
-Атбасар ауданы бойынша 1-ші мектепке 228 млн теңге ақша смета бойынша көзделіп отыр. Ол жерде қазір демонтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Ал қалған екі нысан ол Жарқайың ауданы мен Атбасардағы лагерге сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Ол жерде шамамен мектепке 180 млн теңге және лагерьге 40 миллиондай ақша кетеді деп отырмыз.
Тасқыннан залал келген нысандарға жаңа оқу жылына дейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі»,— дейді білім басқармасының басшысы.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный