Хабар телеарнасы

Алматыда ЕАЭО үкіметаралық кеңесінің отырысы өтті

Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті. Одаққа мүше бес елге қоса, жиынға байқаушы елдер – Иран, Куба мен Өзбекстан және арнайы шақырылған Әзербайжан мен Тәжікстан делегациялары қатысты. Жиында ұйым аясында кедергісіз сауданы дамыту, іскерлік ахуалды қалыптастыру, туристік әлеуетті дамыту мәселелері қаралды.

Қазақстан Премьер-министрі орнықты экономикалық өсуді қамту үшін қолайлы бизнес орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Бүгінде одақ аумағында реттеуші және нақты әсерлерді бағалау тетігі жұмыс істейді. Кәсіпкерлікті жақсарту үшін оны кеңейту ұсынылды. Сондай-ақ туристік саладағы ынтымақтастықтың келешегіне назар аударылды. Танымал бағыттар мен көрікті жерлер туралы бірыңғай ақпараттық ресурс құру бойынша жұмысты күшейту жөнінде ұсыныс енгізілді.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық әлеуетін нығайтуға, іскерлік ахуалды жақсартуға және бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- ЕАЭО бұл тек мүмкіндіктер кеңістігі ғана емес. Ортақ мақсатты жүзеге асыратын, ынтымақтастық байланысты нығайтып, әлемдік аренада бәсекелестік қабілетті көтеруге ықпал етеді. Қол жеткізген келісімдер мен олардың жүзеге асуы одақтың экономикалық әлеуетінің артуына, іскерлік ахуалдың жақсаруына, елдеріміздің халқының жағдайының жақсаруына ықпал етеді деп сенемін.