Ұлытау облысының мұрағатындағы құрал-жабдық толық ескірген
Ұлытау облысының мемлекеттік мұрағатындағы құрал-жабдық толық ескірген. Қолданыстағы техниканың тозығы жетіп, әупірімдеп әрең істейді. Жыл сайын мәлімет қоры толығып отыратын мекеме ғимараты да кейінгі кезде тарлық ете бастаған.
Ұлытау облысындағы мемлекеттік архивте 360 мыңнан аса құжат сақталған. Фото, бейнежазба мен үлбіреген қағаздардың арасында тарихи маңызға ие материалдар бар. Мамандар оларды ескі техникамен сканерлейді.
Фатима Жақсыбекова, облыстық мемлекеттік мұрағат басшысының міндетін атқарушы:
- 362 мыңнан астам құжаттың ішінде тек 500 мың парақ сандық форматқа көшірілді. Яғни цифрландырылды. Ол жұмыс жалғасын табады. Құжаттарды жұмысын жеделдету үшін лицензиясы бар бағдарлама қажет. Сол арқылы барлығына қолжетімді болу үшін «Е-архив» бағдарламасына енгізуіміз қажет.
Мұрағат қызметкерлерінің жұмысына арнайы сканер мен заманауи компьютердің жоқтығы қолбайлау болып тұр. Көне құжаттар мен тарихи деректер сақталатын мекемедегі көкейкесті мәселе бұл ғана емес.
Мағжан Табылдин, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
-Бүгінгі күні кадр мәселесі – архив саласында өзекті мәселенің бірі. Ол бойынша бірінші кезекте жалақының аздығы, - дейді. Шынымен де мұнымен келісемін. Бірақ бұл архив саласындағы мамандар – негізінен тарихшылар. Олар бізде аз, сондықтан оларды тарту қиынға соғады.
Сала жауаптылары: «Мекеменің құрал жабдықтары биыл жаңартылады, сол кезде көне құжаттарды сандық жүйеге көшіру ісі қарқын алады», - деп сендірді. Ал ғимаратты кеңейту үшін жоба жасалып, жаңасын салу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Шыңғыс Қалиден, Елизавета Шалина, Нұрдәулет Аманкешов, Нұрбол Үздікбаев