3,7 млрд теңге: Қазақстанда заңсыз мемлекеттік сатып алулар анықталды
Ұлытау облысының прокуратурасы құны 3,7 млрд теңге болатын 12 мемлекеттік сатып алудың күшін жойды.
Жергілікті атқарушы органдар конкурстарды жариялау кезінде өрескел қателіктер жібергені анықталған. Біріншіден, тиісті сараптамалар жүргізілмеген әрі жобалық-сметалық құжаттамалары жоқ. Автомобиль жолдарын күтіп ұстау бойынша 1 жылға жасалатын келісімшарттың мерзімін бірнеше жылға ұзартуды жоспарлаған.
Айдос Әбдібаев, облыстық прокуратураның басқарма бастығы:
- Жезқазған қаласының экономика және қаржы бөлімі 1,9 теңгеге автомобиль жолдарын күтіп ұстауға мемлекеттік сатып алу жариялаған. Бұл ретте тапсырыс беруші конкурстық құжаттамада заңда көзделмеген біліктілік талаптарын негізсіз қойған. Облыстық психикалық денсаулық орталығы науқастарды тамақтандыру қызметін сатып алу кезінде қаржыны 17,2 млн теңгеге негізсіз жоғарылатқан. Заңсыз мемлекеттік сатып алулар жойылып, 9 лауазымды тұлға тәртіптік, 17-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.