Хабар телеарнасы

Ұлытау облысында өткел қашан салынады?

Ұлытау облысындағы Жаңаарқа кентін Қарағанды-Жезқазған теміржолы кесіп өтеді. Жол бойында жаяу жүргіншілерге арналған бірде-бір өткел жоқ. Шойын жолдың арғы бетінде тұратын тұрғындар күн сайын пойыздың астынан өтуге мәжбүр. Соңғы 5 жылдың өзінде талай адам мертігіп, бірнешеуі ажал құшқан. Көпшіліктің сұрауы бойынша былтыр өткелдің құрылысы басталған. Алайда аяқсыз қалды. Тұрғындар тілегі қашан орындалады?

Шойын жолдың арғы бетінде 2,5 мың адам тұрады. Онда не аурухана, не мектеп жоқ. Қажеттілік үшін аудан орталығына қатынайтын тұрғындар осы өткелмен жүреді. Ал пойыз тоқтап тұрған кезде амалсыз вагонның астымен өтуге мәжбүр.

Осыған дейін бірнеше адам пойыз астымен өтемін деп, ажал құшқан. Мүгедек болып қалғаны қаншама. Соның бірі – Әбілқайыр Демесінов. Қос аяғынан айырылған соқталдай жігіт қазір арбаға таңылған.

Әбілқайыр Демесінов, Жаңаарқа кентінің тұрғыны:
-Астанан өтпеске амал жоқ. Соған үйреніп алған. 2023 жылдың желтоқсан айында болды. Қайтып келе жатқанда пойыз тұрған бетте тез өтіп кетемін деп ойладым. Сол сәтте пойыз жүріп кетті. Осындай жағдай жылда боп тұрады.

Теміржолдың арғы бетіне қоғамдық көлік қатынамайды. Тек оқушыларды таситын бір ғана автобус жүреді. Жұмысқа асыққан тұрғындар сегіз қатар шойын жолды кесіп өтеді. Бала-шағада 100 метр жердегі мектепке осы жол арқылы барады.

Қалиман Оралбаева, Жаңаарқа кентінің тұрғыны:
-Бала кезімізден осы жол бойының ар жағында тұрамыз. Осы пойыздың астынан өтіп келе жатырмыз. 4 немерем бар. Келінім өзі жұмыс істемейді, сол 4 баланы тасиды. Биылдың өзінде 2 адамның аяғын басты.
Тұрғындардың өтініші бойынша аудан әкімдігі былтыр теміржол өткелін салуға 224 млн теңге қаржы бөлген. Алайда мердігер компания жұмысты бастамай жатып тоқтатқан. Бағаның қымбаттап кеткенін алға тартып, қосымша ақша сұрап, әкімдікті сотқа берген.

Қанат Қожықаев, Жаңаарқа ауданының әкімі:
-Экономикалық сот сол кісілердің пайдасына шешіп берді. Бізге мәжбүрлі корректировка жасауды жүктеді. Соның салдарынан қазіргі жұмыстардың бәрі тоқтап тұр. Себебі корректировка жасалатын болады. Қосымша қаржы қажет етеді. Корректировкадан кейін қаржы бөлінетін болса, бұл көпір өтпелі келесі жылы аяқтаймыз деген жоспарымыз бар.

Көпір құрылысына қосымша қанша қаржы қажеттігі әлі белгісіз. Оны мердігердің ұсынысы бойынша арнайы аудит анықтайды. «Ал аудан әкімдігі жобаға тезірек түзету енгізілсе, құрылыстың мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауда ұстаймыз»,– дейді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев