Су тасқыны халықты біріктірді
Биылғы су тасқыны ұйымшыл қазақ халқын одан сайын біріктіре түсті. Табиғат апатынан зардап шеккен аймақтарға қазір бүкіл ел көмектесіп жатыр. Үйі суға батқан тұрғындар да отандастарының жанашырлығын сезіне білді. Мұны Президент Ассамблеяның сессиясында айрықша атап өтті. Жерлесі үшін жаны қиналмаған адам кемде-кем. Құтқарушылар мен еріктілер болса, күндіз-түні апат аймақтарында.
Наурыз айының аяғында шығыстан басталған тасқын Қазақстанның 10 шақты облысын жайлады. Бұл жолғы табиғат апатының түрі бөлек. Арнасынан асқан су айдындары жолындағы елді мекендердің барлығын дерлік жайпап барады. Ал мұндай су тасқыны бұрын-соңды болған емес. Биыл бас-аяғы 10 мыңға жуық баспана су астында қалды. 100 мыңнан астам адам өз үйін тастап, басқа жерді паналауға мәжбүр болды. Дегенмен ешкім далада қалған жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Біз сын сағатта жұрт болып жұмылдық. Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – балалар. Ең бастысы, біз адам өмірін барынша сақтап қалдық.
Ел бойынша қауіпті аймақта халықты құтқаруға 4 мыңнан аса техника мен 31 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Олардың арасында кәнігі құтқарушылардан бөлек әскерилер мен құқыққорғау органдарының қызметкерлері, әкімдіктің мамандары мен еріктілер де бар.
Мәселен, Атырау облысында жастардан құралған волонтерлар 18 күннің ішінде 1,5 мың тонна гуманитарлық көмекті қабылдап, тиісті орындарына таратып берген. 2500 адам бірнеше ауысыммен тәулік бойы жұмыс істеген. Басында күніне 100 тонна жүкті қабылдаған кездер болды, - дейді жастар. Қазір қарбалас басылған.
Мәдина Жұмағазиева, волонтёрлар штабының мүшесі:
-Бұл жерде 200-дей пакет жасақталып тұр. Бұл бір отбасының бірнеше күнге жететін азығы. Оның ішінде біздер көбіне бұзылмайтын өнімдерді жинадық. Солардың ішінде макарон, сүт, қалбырдағы ет. Одан бөлек балаларға арналған тағамдарды қабылдаймыз. Соларды пакеттерге бөліп қойдық. Одан бөлек гигиеналық заттарды да қосып беріп жатырмыз.
Иә, қазақстандықтар материалдық жәрдемді аяп жатқан жоқ. Бүгінгі күнге дейін бас-аяғы 140 млрд теңге мен 5 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналған. Қайырымды істен көршілеріміз де тыс қалмады.
Енді таяу күндері алыстағы Оңтүстік Кореядан алғашқы гуманитарлық жүк келеді. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға резеңке қайықтар мен аяқ киімдер, оқу құралдары жіберіледі. Олар сонда тұратын қазақстандықтардың қаражатына сатып алынған. Ал жүкті еліміздің әуе компанияларының бірі Инчхоннан Алматыға тегін жеткізеді.
Балнұр Айтбаева, Пусан қаласындағы ҚР бас консулдығының қызметкері:
-Алыста жүргеннен кейін біз бей-жай қалмай, «жанағы жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей өзіміз қазақ болып сіз болып, біз болып, бәріміз кішкене болса да, көмек көрсетсе деген ниетіміз болды.
Ғибадат Махамбетов, кәсіпкер:
-Бұл жақта енді барлығы барып көмектесе алмай жатса да, «ақшалай берейік» деп, біркүндік ақшасын аударып жатқан, жұмыстық табыстарын жіберіп жатқан жігіттер де бар. Жағдай оңай емес қой, бәрін көріп отырмыз, біліп отырмыз. Бәріміздің жүрегіміз ауырып отыр. Енді Алла баршамызға мына жағдайдан аман-есен өтуді бұйыртсын.
Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін бүгін тағы бір мәрте айтты. Әрі зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету – дәл қазір Президент ретінде алдында тұрған аса маңызды міндет екенін жеткізді.
Авторы: Дамир Берікұлы