Жасанды интеллект әлем экономикасын дамытады
«Цифрлық даму» мемлекеттік бағдаламасы аясында елге 1 миллионға дейін адам оқыту қажет. Қазір әлемде ақпараттық технологияны меңгерген, инновациялық ойын іске асыратын білімді де білікті кадрға деген сұраныс күн сайын артып отыр.
Алматыда басталған халықаралық Digital Almaty цифрлық форумында жасанды интеллектіні дамыту жайы талқыланды. Форум аясында Еуразиялық экономикалық одақ елдері Премьер-министрлерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтті.
Дәстүрлі форум осымен 7-ші рет өтіп отыр. Биылғы жиын Industrial AI: жаңа дәуірге арналған технологиялар тақырыбына арналды. 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі шамамен 20 триллион долларға жетеді. Соның есебінен жыл сайын жалпы ішкі өнім 2-3%-ке өсуі мүмкін. «Бұл мүмкіндікті экономикалық даму үшін пайдалану қажет»,- деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов. Сондай ақ ол биыл елімізде жасанды интеллект орталығы ашылатынын айтты. Орталық инвестиция тартуға және стартаптарды қолдауға ықпал етеді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазақстанда Жасанды интеллект комитеті атты жаңа мемлекеттік орган құрылды. Заң жобасы дайындалды. Ол инновацияларды дамытуға құқықтық негіз болады. Президент жанындағы Жасанды интеллектті дамыту кеңесі жасақталуда. Оған отандық және халықаралық жетекші сарапшылар еніп, озық технологиялар мен тәжірибелерді интеграциялауға ықпал етеді.
Форумға Еуропа, Азия, Солтүстік Америка және Таяу Шығыстың 21 елінен келген 200-ге жуық спикер қатысты. Жасанды зердені экономиканың әр саласында қолдану жолдары айтылды.
Михаил Мишустин, РФ үкіметінің төрағасы:
- Болашақта мемлекеттердің дамуы, экономикалық өркендеу, халықтың әл-ауқатының жақсаруы жасанды интеллектіге негізделеді. Салада технолоигялық бәсеке қалыптасты. Бұл үрдіс жаһандық цифрлық дамудың архитетурасын мен бағытын айқындайды. Қазір жасанды интеллектінің көмегімен өндіріс пен мекемелердің виртуалды макеті жасалады, жұмыс процессі басқарылады. Ең бастысы, қауіпсіздік қадағаланып, ғаламтор қолжетімді болу керек.
Форум барысында қазақстандық экономикада сәтті қолданылып жатқан жасанды интеллект жобалары көрсетілді. Мысалы, қазақстандық зауыттардың бірі жоғары сапалы металдар балқытуды оңтайландыру үшін жасанды интеллектті пайдаланады.
Николай Радостовец, Республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры:
- Цифрландыру тек банкирлерге ғана емес, металлургтер мен кеншілерге де қажет екенін уақыт көрсетті. Кәсіпорын жұмысшылары ұялы телефон арқылы өндірістік процестерге, экологиялық және спорттық іс-шараларға қатысады. Менің ойымша, қазақстандық компаниялар жасаған қосымшаларды орнатуды жеделдету маңызды. Бұл қосымшалар қазақ тілінде болуы керек. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Үкімет басшылары арнайы ашылған көрмені аралап, өнеркәсіптік стартаптар, технопарктер мен технологиялық компаниялардың жобаларын көрді.
А. Садуақас, К.Амраев, Р. Жақыпов