Қазақстан инвестиция жағынан тартымды елге айналды
Бүгінде Қытай, Ресей, АҚШ, Еуроодақ, Таяу Шығыс, Азия және нарықтағы басқа да мемлекетпен ірі инвестициялық жоба қолға алынды. Олардың жүзеге асырылу барысы айрықша назарда.
Бұл жайында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Қазақстанмен бірлескен жобаны іске асыруға ниетті елдің бірі – Біріккен Араб Әмірліктері. Екі мемлекет биыл өзара ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, экономикалық дамуға тың серпін беретін келісім жасасты.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Біріккен Араб Әмірліктері – Қазақстанның ірі инвестициялық серіктесі. Бұл сөзімізге мына сандар дәлел. Бүгінде екі елдің ортақ инвест қоржынында жалпы құны 7,7 млрд долларға тең қырыққа жуық бірлескен жоба бар. Әмірлік кәсіпкерлері көбіне біздегі логистика, ауыл шаруашылығы, туризм, IT салаларына қыруар қаржы құйғанды қалайды.
2023 жылы араб мемлекетінен Қазақстанға 900 млн доллар капитал тартылған. Былтырғы 9 айдағы көрсеткіш бұдан сәл кем. Дегенмен сарапшылар кейінгі жылдардағы ахуалдың оң бағытта өзгергенін айтады.
Еліміздің табиғи ресурсы мен инфрақұрылымдық әлеуеті мол, ал Әмірліктер тарапы көлік, логистика, энергетика, инновация сынды салаларда бірегей тәжірибелерге иек артады.
Абдулла Заед, Masdar компаниясы Бизнес және жобалық даму департаментінің директоры:
- Қазақстан энергетика саласында батыл қадамдар жасады. Әсіресе өндірісті көмірқышқыл газынан арылту мен «жасыл» және жаңартылатын қуат көзіне көшу бағытында біраз шаруа атқарылды. Сондықтан кейінгі 2 жылдан бері жергілікті серіктестерімізбен қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Олар біздің ұсыныстарымызды қолдады және нәтижелі іске асуына бар күш-жігерін жұмсап жатыр.
Масдар – баламалы қуат өндіруден тұтас әлемге танылған компания. 40-қа жуық мемлекетте климатқа қолайлы жобаларды іске асырған. Енді сол тізімге Қазақстан да қосылады. Кәсіпорын келер жылдың алғашқы тоқсанында Жамбыл өңірінде қуаттылығы 1 ГВт жел электр станциясының құрылысын бастайды. Жобаға 1,4 млрд долларға жуық инвестиция құйылады. Бұл істің барысын екі жақтың жауапты мекемелері айрықша бақылауда ұстап отыр.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Әмірлікпен тағы бір тиімді ынтымақтастық көлік-логистика саласында орнаған. Парсы шығанағындағы бірқатар теңіз портына иелік ететін Abu Dhabi Ports компаниясы еліміздің Каспий теңізіне шығар аумақта инфрақұрылымдық жобаларды қолға алды. Қазақстанның стратегиялық мүдделеріне сай келетін бұл бірлескен бастамалар экономикалық өсімді жеделдетіп, халықаралық сауда айналымын ұлғайтары сөзсіз.
Рауан Мыңбай