Шетелдік БАҚ өкілдері ШЫҰ саммиті туралы жарыса жазып жатыр
Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті туралы жарыса жазып жатыр. Мақала тақырыптары алуан түрлі. Бірі Қазақстан ұйымға төрағалық етуде, барлық міндетті толық орындағанын атап өтсе, келесі жарияланымда Астана декларациясына тоқталған.
Астанада өткен ШЫҰ-ның 24-ші саммитінде Қазақстанның төрағалығы жоғары бағаланды. Осы тақырыппен еуропалық Eureporter басылымында мақала жарияланды. Автор ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Иран Президентінің міндетін атқарушы Мохаммад Мохбер және басқа да мемлекет басшылары Қазақстанның ұйымға жетекшілігін оң бағалады деп жазған.
Eureporter басылымы:
«Президент Тоқаев Шанхай ондығына кіретін барлық елдер үшін стратегиялық маңызы бар негізгі бағыттарды атап өтті. Соның ішінде қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, тиімді дәліздер мен сенімді жеткізу тізбегін құру арқылы көлік байланысын нығайту. Сондай-ақ ШЫҰ реформалау және жаңғырту қажеттігін айтты».
Әзербайжанның Trend ақпарат агенттігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық салалардағы ауқымды реформаларын жоғары бағалады. Мақалада Астана көпжақты ынтымақтастық ұсынымы арқылы Батыс пен Шығыстағы елдермен жақсы қарым-қатынасты дамытып келеді делінген.
Trend ақпарат агенттігі:
«Биыл Қазақстан ШЫҰ-нан басқа тағы бес халықаралық ұйымға төрағалық етуде. Осыншама халықаралық құрылымдарға қатар төрағалық ету – елге, оның басшысына да зор сенімнің дәлелі».
Түркияның Anadolu ақпарат агенттігі ШЫҰ саммитінде қабылданған қорытынды құжатты егжей-тегжей сипаттаған.
Anadolu агенттігі:
«ШЫҰ саммиті Астана декларациясын қабылдаумен аяқталды. Құжат топтың анағұрлым өкілді, демократиялық, әділ және көпполярлы әлемдік тәртіпті құруға деген ұмтылысын атап көрсетеді. Ұйым аясындағы ынтымақтастық Еуразиядағы тең және бөлінбейтін қауіпсіздік архитектурасына негіз бола алады».
Қорытынды құжатта ШЫҰ-ның жаһандық бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін күшейтудің маңыздылығы да атап көрсетілген. Сонымен қатар мүше мемлекеттер топтың әлеуетін және халықаралық ықпалын күшейтуді ұйғарып, оны әлемдегі маңызды ұйым деп атады.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Бекболат Тұрмаханов