Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарында ел намысын қорғаған спортшыларымыз елге оралды. Қазақстан құрамасы 84 медаль олжалап, 46 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады. Бірнеше олимпиадалық спорт түрінен ел тарихында бұрын-сонды болмаған нәтижеге қол жеткізді. Атап айтқанда, боксшыларымыз көптен күткен алтынды алды.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Елге жеңіспен оралған спортшыларымызды жанкүйерлер зор қошеметпен қарсы алды. Азия ойындарында Қазақстанның көк туын көкке көтеріп, жүлделі орындардан көрініп, ел мерейін үстем еткен спортшылардың қатарында боксшылар, дзюдошылар мен ескек есушілер бар. Жеңіс жолындағы әрбір медаль — спортшыларымыздың маңдай тері мен табанды еңбегінің нәтижесі. Ал бүгінгі ыстық ықылас — елдің өз чемпиондарына деген құрметінің белгісі.
Биылғы басты жетістік ретінде боксшыларымыздың 12 жылдық үзілістен кейін Азия ойындарының алтын жүлдесін жеңіп алғанын айтуға болады. Бұған дейін ұлттық құрама Азиада алтынын соңғы рет 2014 жылы олжалаған болатын. Жапонияда 70 келіге дейінгі салмақта Төрехан Сабырхан және 90 келіден жоғары салмақта ұлттық құрама капитаны Айбек Оралбай чемпион атанды. Боксшылардың бабына АҚШ-та, Жапонияда өткен дайындық жаттығулары игі әсер еткен.
Төрехан Сабырхан, Азия ойындарының чемпионы:
- Жарыста төрт бой өткіздім. Керемет жекпе-жектер өткіздім. Қарсыластарым керемет дайындалып келген. Білесіздер, Азия чемпионатында Иордания боксшысына есе жіберген болатынмын Сол есені мен Азия ойындарында қайтарғым келді. Мен осы жетістігімді қазақ еліне арнаймын.
Айбек Оралбай, Азия ойындарының чемпионы:
- Чемпион болып келгенімізге өте қатты қуаныштымыз. Бұйырса, бұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдымызда әлем чемпионаты бар. Ең басты мақсатымыз – 2028 жылы Лос-Анджелесте Олимпиада ойындары. Барлықтарыңызды осылай алтын медальмен қуантқым келеді.
Биылғы Азия ойындарында дзюдошыларға алтын бұйырмады. Елдос Сметов, Әбиба Әбужақынова, Әділет Алмат және Ажар Асхат финалда жапониялық қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ ұлттық құрама аралас командалық сында да күміс медаль жеңіп алды.
Елдос Сметов, Азия ойындарының күміс жүлдегері:
- Бұл маған өте үлкен жауапкершілігі зор жарыс болды. Себебі жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында еліміздің туын алып шығу мәртебесі маған бүйырғаннан кейін жауапкершілік өте жоғары. Сондықтан әнұранды шырқатуға бар күшімді салдым, бірақ әнұран шырқалмаса да көк туды желбіретіп қайттық.
Ажар Асхат, Азия ойындарының күміс жүлдегері:
- Бұл менің әйелдер арасындағы тұңғыш медалім, мен үшін ыстық, мен үшін қымбат медаль. Енді әнұран айтып, алтын алғым келген, бірақ болмай қалды. Бұйырмай қалды, күміс алып қалдық.
2027 жылы елімізде дзюдодан әлем біріншілігі өтеді. Спортшыларымыз: «Азия ойындарында жіберген есені қайтаруға барымызды саламыз», - деп отыр.
Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев, Әбен Нарымбаев