Елімізде 600 мыңға жуық педагог еңбек етеді

  • 5
  • 05.10.2026, 18:48

Адам өмірде қандай жетістікке жетсе де оның тұлға ретінде қалыптасуында ұстаздың орны ерекше. Қазақстанда педагог мәртебесі 2019 жылы арнайы заңмен бекітілді. Соңғы жылдары мұғалімдердің еңбекақысы кезең-кезеңімен көтеріліп, педагогтердің  кәсіби дамуына арналған бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Бүгінде жасанды интеллект жүйесіне негізделген арнайы сабақтарды орта мектептерге жаппай енгізу бағдарламасы іске асырылып жатыр.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, білім беру саласында 600 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Оның 420 мыңы – мектеп мұғалімі, 104 мыңнан астамы мектепке дейінгі ұйымдарда, ал 42 мыңы техникалық және кәсіптік білім беру саласында жұмыс істейді. 53 мыңнан астам мұғалімнің еңбек өтілі 30 жылдан асады. Ал 73 мыңнан астам педагог білім саласында 20 жылдан 30 жылға дейін қызмет етіп келеді.

Соңғы жеті жылда елімізде 1 мың 400 балабақша мен 1 мың 342 мектеп салынды. Биыл тағы 101 мектеп салынып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелерінің жаңа стандарты қалыптасты. 2023-2025 жылдары осындай 217 мектеп салынды. Сол мектептердің 40 пайызға жуығы ауылдық жерде орналасқан.