Асылбек Дәулетов: Біз Отан үшін от кештік
Айта кету керек, бүгінде өңірде 300-ге жуық соғыс ардагері тұрады.
Екінші дүниежүзілік соғыстың куәсі болған қарт майдангердің бірі – көкшетаулық Асылбек Дәулетов. 1943 жылы ол 18 жасында соғысқа аттанып, қанды қырғынның бел ортасында болыпты. Әуеден шабуыл жасаудың қыр-сырын Мәскеуде меңгерген сарбаз, Карелия түбінде жаумен арпалысқан. Сұм соғыста Асылбек ақсақалдың әкесі мен екі ағасы қаза тауыпты.
Асылбек Дәулетов, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Еліміз үшін күрестік, жеріміз үшін күрестік, Отанымыз үшін күрестік. Соны жауға бермес үшін күрестік. Мінекей, бүгін осындай дәрежеге жетіп отырмыз. Былайша айтқанда, егеменді ел болдық. Жекелей мемлекет болдық. Жер жүзіне танымал болдық.
«Ардагерлерін ардақтап, қарттарын құрметтей білген елдің ертеңі жарқын». Осылай деген ардагерлер Елбасына зор алғыс білдірді.
Асылбек Дәулетов, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Өте ризамыз. Өзіміздің рахметімізді айтамыз. Еліміз үшін, жеріміз үшін, халқымыз үшін Президентіміздің денсаулығы жақсы болып, ғұмыры ұзара берсін! Елі, жері үшін еңбек ете беретін болсын!
Көкшетауда тұрып жатқан Соғыс ардагерлерінің тағы бірі – Бүркітбай Батырханов. Әскерде жүріп, минометші мамандығын меңгерген жас жауынгер, 1943 жылы Курск қаласын азат етуге қатысқан.
Бүркітбай Батырханов, ҰОС ардагері
-Менің ең бірінші мылтық алып, соғысқа қатысқаным осы Орловский Курск Дугальста. Мына медальді маған жуырда берген. Курск қаласын азат етуге қатысқаны үшін 70 жылдық медалі. Сонда мен күшті соғыстардың бірінде жараландым.
Осылайша, облыстағы Соғыс ардагерлері Елбасының құрметіне бөленді. Қариялар: «Енді жер жүзінде ешқашан соғыс атаулы болмасын», - деп тілейді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный