ҰОС ардагері Камали Дүйсембеков 90 жасқа толған мерейтойын атап өтті
Камали Дүйсембеков 1942 жылы екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған шақта небәрі 17-ақ жаста еді. Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысып, ерлік көрсетеді. Кейін Украина майданындағы кескілескен ұрыстардың куәгері болды. 1944 жылы гвардиялық дивизияның сержанты Севастополь үшін шайқаста ауыр жараланып, госпитальға түскен. Жазылған соң елге оралыпты. Жеңісті Мәскеудегі Қызыл алаңда қарсы алыпты. Соғыстан кейін өндірісте, баспа саласында түрлі лауазымды қызметтерді атқарып, зейнетке шықты. Елбасы құттықтауын қабыл алған ақсақал қуанышын жасыра алмады.
Камали Дүйсембеков, Ұлы Отан соғысы ардагері
- Бүгінгі бізді елеп, осы мынау арнаулы бізге хат жіберіп сәлемдесуінің өзі ол кісінің даналығы, халықты ойлағандығы. Сондықтан елімізді басқара берсін. Халық Президентпен бірге. Халқымыз аман болсын, жерімізге тыныштық берсін.
Бұл батырлар әулеті. Себебі ардагердің жары марқұм Мәрфуа анамыз 10 баланы дүниеге әкелген. Олардан 20-дан астам немере, 20 шақты шөбере көрді. Жақында ғана Камали ақсақал 90 жасқа толған мерейтойын атап өтті. Әулет мүшелері орталарында жүрген үлкен әкелерін барынша ардақтап, құрмет тұтады.
Бақыт Дүйсембекова, ардагердің қызы
- Батыр әке деп айтуға болады. Біз үлкен отбасында өстік. Біздің ата-анамыз бізді өсіріп, жоғары білім беріп, қай нәрсе жақсы, қай нәрсе жаман, соның барлығын, көзқарасты бізге көрсетті.
Бұл күні Елбасының құттықтау сәлемдемесі Камали ақсақалдың облыс аумағындағы басқа да замандастарына табысталды. Дария кеуде, тау мүсін қарттар сый-құрметке марқайып, жүрекжарды ақ баталарын жаудырды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков